Accessibility links

Белсенді: Рамазан Есіргеповті Алматыға ауыстыруды ойластырып жатыр


Аурухана төсегінде жатқан журналист Рамазан Есіргепов пен азаматтық белсенді Жанар Тоғанбаева. Шу, Жамбыл облысы, 15 мамыр 2017 жыл.

Шу қаласында пышақ жарақатымен ауруханаға түсіп, операция жасалған журналист Рамазан Есіргеповті жансақтау бөлімінен палатаға шығарды деп хабарлады Азаттыққа азаматтық белсенді Жанар Тоғанбаева.

Тоғанбаеваның жазуынша, қазір Есіргеповтің жағдайы қалыпты, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкері келген. Белсенді Есіргеповті ертең Алматыдағы ауруханалардың біріне жіберу жайы қарастырылып жатқанын айтады.

Бұған дейін Жамбыл облыстық денсаулық сақтау департаменті Азаттыққа пышақ Есіргеповтің ішкі органдарын зақымдамағанын айтқан.

"Журналистер қауіп-қатерде" қоғамдық қоры басқармасының төрағасы 61 жастағы Рамазан Есіргепов мамырдың 14-і күні Алматыдан шыққан жолаушылар пойызымен Жамбыл облысындағы Шу қаласына жете бергенде шабуылға ұшыраған. Біреу оған пышақ сұғып, ауыр жарақаттаған. Ішкі істер министрлігі Азаттыққа Есіргеповке шабуыл жасалғанына қатысты ақпарат беру үшін жазбаша сауал жолдауды сұрады.

Әріптестерінің айтуынша, Есіргепов "БТА Банктен" ұрланған ақшаны газет арқылы заңдастырмақ болған" деген айып бойынша қазір Алматының тергеу абақтысында отырған оппозициялық журналист Жанболат Мамайдың ісі туралы, сонымен бірге кезінде сотты болған өзін ақтауға қатысты БҰҰ адам құқығы комитеті негізді деп таныған, бірақ Қазақстан соты қанағаттандырудан бас тартқан шағымы жөнінде Еуропа одағына мүше кей елдердің елшілері мен халықаралық сарапшыларға жолығып, сөйлесу үшін Астанаға кетіп бара жатқанда зардап шеккен.

​Тәуелсіз "Алма-Ата Инфо" газетінің бас редакторы болған Рамазан Есіргепов 2009 жылы 8 тамызда Тараз қалалық сотының үкімімен "мемлекеттік құпияны жариялады" деген айыппен үш жылға сотталып, жаза мерзімін түрмеде толық өтеген.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG