Accessibility links

Хатами сайлаушыларды Роуханиге дауыс беруге шақырды


Мохаммад Хатами, Иранның бұрынғы президенті.
Мохаммад Хатами, Иранның бұрынғы президенті.

Иранның бұрынғы президенті Мохаммад Хатами сайлаушыларды онлайн видео арқылы 19 мамырдағы президент сайлауында іс басындағы президент Хассан Роуханиге дауыс беруге шақырды. Иранды 1997-2005 жылдары басқарған Хатамидің сөзін ирандық БАҚ жарияламайды. Иранның қатаң билік жүйесі ақпарат құралдарына Хатами туралы жазуға тыйым салған.

"Роухани билігі барлық шектеу, проблемалар мен үлкен үмітке қарамастан табысты болды. Біз барлығымыз Роуханиге, ойлау еркіндігі, диалог қисыны, іс-қимыл жасау құқығы, азаматтардың құқығын қорғау және әлеуметтік, экономикалық әділеттілік үшін дауыс беруіміз керек" деді Хатами видеода.

Роухани екінші рет төрт жылдық мерзімге президент болып сайланудан үмітті. Қазір оған сайлауда бес қарсылас тіркелген. Бірақ олардың кейбірі өздерінен әлдеқайда беделді кандидатқа дауыс беруге шақырып, сайлаудан шығып қалуы мүмкін. Роухани бұл сайлаудағы "қалыпты" үміткер деп бағаланады және көпшілігі сайлауды оның саяси бағытына сенім білдіру референдумы сияқты болады деп санайды. Роуханидің тұсында Иран әлемдік державалармен Тегеранның ядролық бағдарламасын шектеп, есесіне халықаралық санкцияларды жою туралы келісім жасасқан.

БАҚ Мохаммад Хатами туралы ақпарат бермесе де, ол реформатор кандидаттарды қолдауда әлеуметтік желілер арқылы белсенді жұмыс істеп жатыр.

XS
SM
MD
LG