Accessibility links

Алматыда шенеуніктің журналист Таукинаға шағымы бойынша сот басталды


Журналист Розлана Таукина (оң жақта) мен азаматтық белсенді Маржан Аспандиярова Бостандық аудандық сотының сыртында тұр. Алматы, 15 мамыр 2017 жыл.
Журналист Розлана Таукина (оң жақта) мен азаматтық белсенді Маржан Аспандиярова Бостандық аудандық сотының сыртында тұр. Алматы, 15 мамыр 2017 жыл.

Бүгін Алматының Бостандық аудандық сотының судьясы Гүлмира Талапова Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуовтің жуналист әрі құқық қорғаушы Розлана Таукинаға қарсы шағымына қатысты азаматтық іс бойынша әңгімелесу түріндегі алдын ала сот отырысын өткізді. Таукина бүгінгі отырыста бірнеше өтініш, оның ішінде сотқа журналистерді кіргізу туралы өтінішін білдірді. Судья өтінішті негізгі сот тыңдауы басталғанда қарауға қалдырды.

Ермек Бейсеуов өзінің "абыройы мен қадыр-қасиеті және іскерлік беделін қорғау туралы" шағымында соттан 2016 жылы 20 қыркүйекте Rezonans.kz сайтында жарияоанған "Дом с химерами" деген тақырыптағы мақалада келтірілген мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп тануды сұрайды. Шенеунік сонымен қатар жауапкер Таукинаны өзінің "абыройы мен қадыр-қасиеті және іскерлік беделін қаралайтын" мәліметті терістеуге міндеттеуді талап етеді.

Ермек Бейсеуовтің өзі бүгінгі сотқа келген жоқ. Сотта оның мүддесін заңгер Сәния Аңлауысова қорғайды. Розлана Таукина адвокат Аңлауысова жағдйдан толық хабардар емес деп санап, Бейсеуовтің өзін сотқа келтіру туралы өтініш білдірді. Судья бұл өтінішті қарауды да кейінгі қалдырды.

Судья Гұлмира Талапова тараптарға дауды бейбіт түрде, немесе өзара келісімге келу, я кәсіби медиатор арқылы шешуді ұсынды. Судья келесі сот отырысын белгілеген 22 мамырға дейін тараптар жауапкер және талапкер мәртебесін анықтауы тиіс. Әзірге Бейсеуова мен Таукина тек жеке тұлға ретінде қарастырылып отыр. Таукина өзін сотқа жауапкер әрі журналист ретінде тартуды талап етеді. Ол сонымен қатар Ермек Бейсеуовтің сотқа лауазымды тұлға ретінде қатысуын талап етеді.

Сотта Розлана Таукинаның мүддесін құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова қорғап жатыр. Таукинаның тағы бір қорғаушысы "Журналистер қауіп-қатерде" ұйымының жетекшісі Рамазан Есіргепов болады делінген еді. Алайда Есіргеповке 14 мамырға қараған түні Алматы - Астана бағытындағы пойызда әлдекім ішіне пышақ салып, жаралағандықтан ол қазір Шу қаласында ауруханада жатыр. Есіргеповке пышақ жарақатынан соң ауруханада операция жасалды. Дәрігерлер оның денсаулық жағдайын қалыпты деп бағалайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG