Журналист, азаматтық белсенді Рамазан Есіргеповке пышақ салу фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 24-бабы ("Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу") және 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр деп хабарлады Азаттыққа ішкі істер министрлігі (ІІМ).
Министрліктің баспасөз хатшысы Алмас Садубаевтың айтуынша, Рамазан Есіргепов пышақ жарақатын алғаны туралы жолсерікке 14 мамыр күні саңғы сағат 4-те хабарлаған. "Жолсерік болған жағдай туралы Шу станциясының медпункті мен полицияға хабар берген. Пойыз станцияға келісімен Есіргеповті қалалық ауруханаға жеткізіп, операция жасалған. Жәбірленушіге үш пышақ жарақаты салынғаны анықталды" дейді Садубаев. Оның сөзінше, Есіргеповтің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Садубаев оқиға бойынша ішкі істер министрлігі мен көліктегі ішкі істер департаментінің қызметкерлерінен жедел тергеу тобы құрылып, қылмыскерді анықтау бойынша жолсеріктерден және жолаушылардан сұрастырып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтты. Ол бұл қылмыс министрліктің бақылауында екенін, күдікті әлі анықталмағанын айтады.
Рамазан Есіргепов өзіне жасалған шабуылды кәсіби қызметімен байланыстырады. Азаттыққа ауруханадан телефон арқылы берген сұхбатында ол оқиғаның саяси астары барына күмәнданбайтынын айтты.
"Бұл басқа да қоғамдық белсенділерді, журналистерді қорқыту үшін жасалды деп ойлаймын. Оның үстіне біз Жанболат Мамайдың (қамаудағы журналист - ред.), Макс Боқаев пен Талғат Аянның ("жер мәселесі" бойынша мититнгілерден соң сотталған атыраулық белсенділер) мәселелерін қозғап жүрміз. Елшіліктерге барып жүрмін. Мен Литва және Германия елшіліктерінің өкілдерімен кездесуім керек болатын" деді Есіргепов.
Жамбыл болыстық денсаулық сақтау департаменті бүгін таңертең Рамазан Есіргеповке салынған пышақ ішкі органдарын зақымдамағанын, жағдайы қалыпты екенін хабарлаған. Белсенді Жанар Тоғанбаева бүгін түсте Есіргеповтің операциядан соң жансақтау бөлімінен палатаға шығарылғанын, оны Алматыдағы ауруханалардың біріне ауыстыру жайы ойластырылып жатқанын айтқан.
"Журналистер қауіп-қатерде" қоғамдық қоры басқармасының төрағасы 61 жастағы Рамазан Есіргепов мамырдың 14-і күні Алматыдан шыққан жолаушылар пойызымен Жамбыл облысындағы Шу қаласына жете бергенде шабуылға ұшыраған. Біреу оған пышақ сұғып, ауыр жарақаттаған.
Әріптестерінің айтуынша, Есіргепов "БТА Банктен" ұрланған ақшаны газет арқылы заңдастырмақ болған" деген айып бойынша қазір Алматының тергеу абақтысында отырған оппозициялық журналист Жанболат Мамайдың ісі туралы, сонымен бірге кезінде сотты болған өзін ақтауға қатысты БҰҰ адам құқығы комитеті негізді деп таныған, бірақ Қазақстан соты қанағаттандырудан бас тартқан шағымы жөнінде Еуропа одағына мүше кей елдердің елшілері мен халықаралық сарапшыларға жолығып, сөйлесу үшін Астанаға кетіп бара жатқанда зардап шеккен.
Тәуелсіз "Алма-Ата Инфо" газетінің бас редакторы болған Рамазан Есіргепов 2009 жылы 8 тамызда Тараз қалалық сотының үкімімен "мемлекеттік құпияны жариялады" деген айыппен үш жылға сотталып, жаза мерзімін түрмеде толық өтеген.