Accessibility links

ЕО Венгрия мен Польшаны бір ай ішінде босқын қабылдауға міндеттеді


Грекияның Лесбос аралындағы босқындар лагері жанында жүрген мигранттар (Көрнекі сурет).
Грекияның Лесбос аралындағы босқындар лагері жанында жүрген мигранттар (Көрнекі сурет).

Еуропа Одағы (ЕО) Польша мен Венгрияны келесі айға дейін мигранттарды қабылдай бастауға міндеттеді. Егер екі ел бұл талапты орындамаса Брюссель оларға айыппұл салады. Шығыс Еуропа елдері ЕО территориясына қазір Грекия мен Италияда тұрып жатқан Сирия, Эритрея мен Ирактың 160 мың босқынын орналастыру туралы 2015 жылы қабылданған жоспарға қарсы.

"Мен бір де бір адам кіргізбеген Польша мен Венгрияны мигрант қабылдауды дереу бастауға шақырамын. Егер олар біздің келесі айда беретін кезекті есебімізге дейін ешқандай әрекет жасамаса, Еурокомиссия дереу келісім аясындағы өзінің құзыретін пайдаланып, келісімді бұзғаны үшін айыппұл өндіріп алады" деді Еурокомиссияның миграция мәселелері жөніндегі комиссары Димитрис Аврамопулос. Оның сөзінше, қазіргі уақытқа дейін Грекия мен Италияда тұрып жатқан 18 мың адам қоныстандырылған. Комиссар міндетін орындауды кешеуілдеткендерге "соңғы рет ескерту жасайтынын" айтты.

Польша премьер-министрі Беата Шидло бұған жауап ретінде "Мен мұндай қатқыл мәлімдемеден қорықпаймын. Біз Польшаға немесе ЕО-ның өзге кез-келген еліне квотаны күштеп таңумен келіспейміз" деп мәлімдеді.

Аврамопулос сілтеме жасаған процедура бойынша, Брюссель ЕО-ның міндетін орындамаған мемлекетінің үкіметіне жағдайды түсіндіруді талап етіп хат жазып, қажет болса Еуропа сотына шағымдана алады. Мұның нәтижесінде мемлекетке ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін.

2015 жылы Грекия мен Италияға бір миллионнан астам мигрант барған.

XS
SM
MD
LG