Accessibility links

Депутаттар БЗЖҚ қаржысын шетел банкіне салуға қатысты сауал жолдады


Азмата Перуашев, парламент мәжілісінің депутаты.

Бүгін парламент мәжілісінің бір топ депутаты үкіметке Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының (БЗЖҚ) капиталын инвестициялау мәселесіне қатысты қызметтік сауал жолдады деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Депутаттар Азат Перуашев, Айқын Қоңыров және Тұрғын Сыздықов сауалды премьер-министр Бақытжан Сағынтаев пен Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің атына жолдады.

Сауалда депутаттар БЗЖҚ капиталын инвестициялау механизмдерін халыққа ашық, анық түсіндіруді, БЗЖҚ-ның 71,6 миллиард теңге капиталын Әзербайжан халықаралық банкіне салу туралы ақпаратқа қатысты тексеру жүргізуді сұрайды. Депутаттар үкіметтен Әзербайжан банкіне салынды деген қаржының қалай қайтарылатынын сұрап, "қаржылық көрсеткіші төмен банктерге қаржы аударуға қатысы барларды" жауапқа тартуды талап етеді.

Өткен аптада Әзербайжан халықаралық банкі шетелдік кредиторлардан алған қаржысын төлеуді тоқтататынын хабарлаған. Батыс елдерінің ақпарат құралдары банктің АҚШ-сотына банкрот болатыны туралы өтініш бергенін хабарлады. Бұдан соң қазақстандық кейбір экономистер әлеуметтік желілерде Қазақстан БЗЖҚ-ның 71 миллиард теңгеден астам (шамамен 255 миллион доллар) қаржысы Әзербайжан халықаралық банкінің облигацияларына салынғанын хабарлаған.

Бүгін мәжілісте бұдан ертерек еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова БЗЖҚ активтерін инвестициялау мәселесімен зейнетақы активтерін басқару кеңесі айналысатынын, ал министрліктің міндеті - азаматтар зейнетке шыққан кезде оның зейнетақы жарнасының құнын жоғалтпастан қолына тиюін қамтамасыз ету екенін айтқан.

БЗЖҚ-ның 71,6 миллиард теңге қаржысы Әзербайжан халықаралық банкіне салынғаны, ал бұл банктің өткен жыл бойынша шығыны миллиард доллардан асып, кредиторларға төлем жасай алмай отырғаны хабарланған болатын.

Қазақстанда БЗЖҚ активтерін Ұлттық банк президент жанындағы зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңеспен бірігіп басқарады. 2016 жылдың 1 ақпанынан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін жоғарылатуға қатысты ұсыныстарды дайындау міндеті президент басқаратын Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілген. БЗЖҚ мен Ұлттық банк әзірге Әзербайжан банкіне қаржы салуға қатысты комментарий берген жоқ.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG