Өзбекстанның Әндіжан облысында құлпынай балмұздағынан 200-ге тарта адам уланып, ауруханаға түсті деп хабарлады жергілікті билік пен тұрғындар.
Аймақтық денсаулық сақтау басқармасының қызметкері 16 мамырда Азаттыққа Шахрихон ауданының 182 тұрғыны 15 мамыр күні облыстық интенсивті терапия бөліміне түскенін хабарлады. Ол барлығы 300-дей адам жергілікті жерде дайындалған құлпынай балмұздағын жеген соң дәрігерге жүгінгенін айтты. Жергілікті тұрғындар Азаттыққа зардап шеккендер саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін және кейбір жерлерде "балмұздақтан уланған бірнеше адамның көз жұмғаны" туралы қауесет тарағанын айтады. Бірақ денсаулық сақтау басқармасы ауруханаға түскен науқастардың ешқайсысы қайтыс болмаған дейді.
Кейбір ақпарат бойынша, Шахрихон ауданына денсаулық сақтау министрінің орынбасары, Өзбекстанның бас санитарлық дәрігері Сайдмурад Сайдалиев бастаған бір топ дәрігер және төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері барған.