Accessibility links

Bek Air компаниясының бірнеше рейсі ұшырылмады


Алматы әуежайы (Көрнекі сурет).
Алматы әуежайы (Көрнекі сурет).

Бүгін қазақстандық Bek Air әуе компаниясының бірнеше рейсі ұшпай қалды. Алматы әуежайының ақпаратына қарағанда, Алматыдан жергілікті уақыт бойынша 05:35-те Атырауға ұшатын рейс ұшпай қалған.

Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, бұл рейспен 108 жолаушы ұшуы тиіс болған. Осы рейстің жолаушысы "Z920105 рейсіне тіркелуге жарты сағат қалғанда жолаушыларға рейс кейінге қалдырылды деп, кейін ұшақ мүлдем ұшпайды деп хабарлағанын" айтқан.

Алматы әуежайындағы ұшақтардың ұшу-қону кестесіндегі мәлімет бойынша, бүгін Bek Air-дің Ақтөбеден Астана арқылы Алматыға 05:20-да ұшып келуі тиіс Z92014 рейсі де, сағат 15:10-да Атыраудан Алматыға ұшатын Z92106 рейсі де ұшпай қалған. Әуе компаниясының өзге рейстері кесте бойынша ұшырылып, ұшып келіп жатыр.

Мұның алдында, 18 мамырға қараған түні Астана әуежайында Bek Air компаниясының жетекшісі Нұрлан Жұмасұлтанов қатысқан түсінбестік болған. Қазақстандық блогер Денис Кривошеевтің Facebook-те жазуынша, 18 мамырға қараған түні Астана әуежайында Bek Air ұшағын ұшуға жібермей қойған. Кривошеевтің жазуынша, ұшақ бортында ұшқыш пен "компания басшыларының бірі" болған. Блогер "Астанада ұшақты онда ақау шығып, ойламаған жерден қонған соң кезекші прокурордың өкімі бойынша ұшырмай қойғанын" айтады. "Ұшақтың алдыңғы шассиі орнына түспей қалған. Ұшақ қонып, тексерген соң оны ауыстыру туралы шешім қабылданды. Жолаушылар басқа ұшақпен ұшып кетті. Ал ақау шыққан ұшақты ақау себебін анықтап, жөндеу үшін Алматыға апаруға шешім қабылданды" деп хабарлады блогер. Оның ақпараты бойынша, кейін әуежайда қалған ұшаққа полиция қызметкерлері барған. "Бұған не себеп екенін ешкім түсіндіріп айта алмайды. Ешқандай құжат көрсетпейді" деп жазды Кривошеев.

Компанияның басқарма төрағасы Нұрлан Жұмасұлтанов оқиғаға қатысты комментариінде: "Маған рұқсат берген, ол оқиға түнде болған. Мен осы уақытқа дейін ақауды жөндеп, ұшақты қолданысқа шығара алмай отырмын" деп, транспорт прокуратурасының әрекетіне наразылық білдірді. Ол оқиға Денис Кривошеев баяндағандай болғанын айтты.

Бас транспорт прокуратурасының баспасөз қызметі Азаттыққа берген комментариінде Bek Air әуе компаниясының 17 мамыр күні кешке «Астана-Ақтөбе» рейсіне шыққан ұшағының апаттық сигнализация қосылуына байланысты кері қайтқанын айтады. Прокуратураның дерегінше, төтенше жағдайға тап болған бұл ұшаққа Алматыға ұшуға рұқсатты Әуе оқиғасын тексеру комиссиясы ғана беруі керек болған. Ол мезетте комиссия құрылмағандықтан өкілетті органдар әуежайға келмеген, Астана қаласының авиация прокуратурасы қауіпсіздік шарасын ойлап ол ұшаққа ұшуға рұқсат бермеген дейді бас транспорт прокуратурасы.

Bek Air - аймақтық әуе компаниясы. Компанияның ресми сайтында компанияда 108 орынды жеті Fokker-100 ұшағы бары айтылған.

XS
SM
MD
LG