Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында конго-қырым қанды безгеніне шалдыққан тұрғынның жағдайы қалыпты деп хабарлады Азаттыққа Оңтүстік Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ғалымжан Айнабеков.
Бас дәрігердің айтуынша, Мақтарал ауданы Қараөзек ауылының 1980 жылы туған тұрғыны 7 мамыр күні қой қырқуға қатысып, өзін шаққан кенені қолымен алып тастаған.
- Тұрғын 10-мамыр күні аудандық емханаға келді. 13 мамыр күні ауруханаға жатқызылды. Анализдерінің қорытындысы бойынша, конго-қырым қанды қызбасы деген диагноз қойылды. Қазір хаттама бойынша тиісті ем-дом жасалып жатыр. Жағдайы тұрақты, - дейді Ғалымжан Айнабеков.
Облыста биыл конго-қырым қанды безгегі ауруына шалдығу оқиғасы бірінші рет тіркеліп отыр. Ресми мәлімет бойынша, 2016 жылы облыста бұл ауруға 15 адам шалдыққан.