Accessibility links

Әшімбаев: Былтырдан бері 220 адам экстремизм айыбымен жауапқа тартылды


Мәулен Әшімбаев, мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасы. Ақтөбе, 19 мамыр 2017 жыл.

Қазақстанда өткен жылдан бері 220 адам экстремизм айыбымен қылмыстық жауапқа тартылды деп мәлімдеді парламент мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің жетекшісі Мәулен Әшімбаев. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Әшімбаев бұл туралы Ақтөбеде мәжіліс комитетінің терроризм мен экстремизмнің алдын алу және оны күшейту, осы саладағы заңнаманы жетілдіру шаралары жөніндегі көшпелі отырысында айтты.

Әшімбаев отырыс арасында Азаттық тілшісіне берген қысқа сұхбатында көшпелі отырысты Ақтөбеде өткізу кездейсоқтық емесін, былтыр Ақтөбеде болған терактіден соң экстремизм және терроризм туралы заңдарға өзгерістер енгізілгенін айтты.

- Бүгін экстремизм мен терроризмге қарсы қабылданған заңдардың орындалу жайын, экстремизм мен терроризмнің алдын алуда мемлекет және жергілікті билік тарапынан қандай жұмыстар жасалу керек дегенді талқылап жатырмыз. Былтырғы трагедиядан соң терроризм мен экстремизм қылмыстарына қатысты жауапкершілікті, қару-жарақ айналымына бақылауды күшейттік. Енді осы заңдардың орындалу барысын талқылап жатырмыз. Экстремизм мен терроризмнің алдын алуға қатысты облыс жұртшылығының, мемлекеттік емес сектордың қандай ұсыныстары барын білуге келдік, - деді Мәулен Әшімбаев жиын арасында Азаттыққа берген қысқаша сұхбатында.

Отырыста сөйлеген мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Қазақстан арнайы қызметі соңғы төрт жылда "500 азаматтың Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарына кетуінің алдын алғанын", дегенмен жүздеген қазақстандық Сирия мен Иракта жүргенін айтты.

Былтыр маусымның 5-інде Ақтөбеде 30 шақты адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның 6655-әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде "діни радикал", "қарулы шабуылшы" деп сипатталған 18 адамның көзі жойылып, 29 адам ұсталған. Қарашаның 29-ы күні Ақтөбе облыстық соты шабуылға қатысты 29 адамды түрлі мерзімге соттаған.

2016 жылғы қарулы шабуылдар жайлы Азаттықтың видео топтамасы (28.12.2016)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Террорға қарсы күрес

"ИМ" тобын тықсырды

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG