Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша мемлекеттік бағдарлама кейбір өңірлерде дұрыс атқарылмайды деп мәлімдеді бүгін бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.
Ақтөбеде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуды күшейту және осы саладағы заңнаманы жетілдіру шаралары жөнінде өтіп жатқан мәжілістің көшпелі отырысында сөйлеген Ахметжанов экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мемлекеттік бағдарламасының орындалуында кемшіліктер барын айтты.
- Біз экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мемлекеттік бағдарламасының орындалу сапасын тексердік. Бұл мақсатта қомақты қаржы қаржы бөлінеді. Жергілікті бюджеттің өзінен ғана 53 миллиард теңге бөлінген. Бірақ кейбір өңірлерде мемлекеттік сатып алу қызметінің жетілмеуінен қаржы дұрыс жұмсалмайды. Жымқыру пайда болған. Мысалы, Қарағанды облысында 2015 жылдың соңында Сирияға кеткен отбасы туралы видеоролик түсіру, "Хақ жолы" деп аталатын спектакль дайындау және "Дінді сақта деп аталатын шара өткізу туралы кесілім жасалған. Бірақ, келісім бойынша қаржы аударылғанымен, тапсырыс орындалмаған. Мұндай фактілер Ақмола, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында да анықталды, - деді Ахметжанов.
Ол кейбір облыстарда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстарымен дін туралы түсінігі жоқ мамандардың айналысқанын, үкіметтік емес ұйымдардың радикалдық дін көзқарастағы адамды райынан қайтару әдіс-тәсілдері бірдей емесін айтты.
Жиынға парламент мәжілісінің депутаттатары, ҰҚК, прокуратура басшылары, құқық қорғау органдарының басшылары, діни ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.