Accessibility links

"Мемориал" Ресей түрмесіндегі үш әйелді саяси тұтқын деп таныды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейдегі "Мемориал" құқық қорғау орталығы "мемлекетке опасыздық жасаған" деген айыппен сотталған Марина Джанджгава, Инга Тутисани және Анник Кесянды саяси тұтқындар деп жариялады.

Сочи қаласында тұратын бұл үш әйел 2008 жылғы тамызда Ресей мен Грузия арасында қарулы жанжал басталар алдында Грузиядағы таныстарына ресейлік әскери техниканың қозғалысы туралы SMS хаттар жолдағаны үшін айыпты деп танылып, сотқа тартылған.

Ресей сотының үкімі бойынша Джанджгава 12 жылға, Тутисани – 8, Кесян – 6 жылға бас бостандығынан айырылған.

Үшеуін дереу түрмеден босатуды талап еткен "Мемориал" құқық қорғау орталығы әскери құпияны сақтауға қатысты жауапкершілікті ондай міндет жүктелмеген азаматтық тұлғаларға артуға, ал шетелдіктермен жалпыға мәлім ақпарат жайлы хабар алмасқаны үшін оларды қылмыстық айып бойынша сотқа тартуға болмайтыны туралы мәлімдеген.

Бұған дейін "Мемориал" құқық қорғау орталығы Ресейде тура әлгіндей айыппен сотталған Оксана Севастиди мен Екатерина Харебаваны саяси тұтқындар деп таныған. Грузия Ресей түрмесіндегі азаматы Екатерина Харебаваны 2016 жылы жазда Грузияда отырған басқа тұтқынға айырбастап алған. Оксана Севастидиді биыл наурызда Ресей президенті Владимир Путин рақымшылық жасап, түрмеден босатқан.

XS
SM
MD
LG