Accessibility links

Алматыда 29 өзбекстандық заңсыз мигрант ұсталған


Заңсыз жүргені анықталған мигранттарды полиция әкетіп барады. (Көрнекі сурет.)
Заңсыз жүргені анықталған мигранттарды полиция әкетіп барады. (Көрнекі сурет.)

Алматы қаласындағы тұрмыстық қалдық пен қоқысты сұрыптайтын цехтардың бірінде тұрып жатқан 29 өзбекстандық заңсыз мигрант анықталған. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция ақпаратында Қазақстан аумағында заңсыз жүргені анықталған Өзбекстан азаматтарының құжаттары жоқ екені айтылған. Олар тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын цехта жұмыс істеп, сонда тұрып келген. Ұсталғандар Алматы ІІД-нің қабылдау және бөлу орнына жеткізілген.

«Олар кім екені анықталғанша осы мекемеде отырады. Аты-жөндері анықталғаннан кейін олардың ісін Алматының ауданаралық әкімшілік соты қарап, тиісті шешім қабылдайды» делінген полиция ақпаратында.

Алматы ІІД-нің мәліметі бойынша, мамырдың 15-інде басталған онкүндік арнайы шара барысында қала аумағынан Қазақстанның көші-қон заң ережелерін бұзған 591 шетел азаматы анықталған. 473 шетелдікке айыппұл салынып, 115-ін елден шығару туралы шешім қабылданған. Әкімшілік соттың шешімі бойынша, аты-жөні анықталғанға дейін 296 шетелдік азамат жергілікті полицияның қабылдау және бөлу орнына қамалған.

XS
SM
MD
LG