Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Хасан Роуханиді Иран ислам республикасы президенті сайлауында айқын жеңіске жетуімен құттықтады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
«Сайлауға азаматтардың белсене қатысып, сізді жан-жақты қолдауы – саяси және экономикалық бағдарламаларыңызға халықтың сенімі артқанының дәлелі. Сіздің басшылығыңызбен Иран өзінің даму жолында жаңа табыстарға қол жеткізетін болады» делінген жеделхатта.
Сонымен бірге Назарбаев «Қазақстан мен Иран арасындағы достық пен өзара қолдауға негізделген ынтымақтастық елдеріміздің игілігі үшін жалғаса береді деп сенетінін» білдірген.
Бұған дейін Иран мемлекеттік телеарнасы 19 мамырда өткен Иран президенті сайлауының қортындысы бойынша, сайлаушылардың 57 пайызының қолдауына ие болған қазіргі президент Хасан Роуханидің жеңіске жеткені туралы хабарлаған.