Accessibility links

Иран президенті болып екінші мерзімге сайланған Хасан Роухани бұл жолғы сайлаудың «нағыз жеңімпазы» - «әлеммен араласуды» таңдап, экстремизмді қабылдамайтынын білдірген иран халқы деп мәлімдеді.

Хасан Роуханидің телеарнадан сөйлеген сөзінен үзінді:

Сайлауда жеңіске жеткеннен кейін мамырдың 20-сы күні ұлттық телеарнадан сөйлеген сөзінде Роухани президенттігінің екінші мерзімінде сайлау алдында берген уәдесін орындауға күш салатыны туралы мәлімдеген. Ол сонымен бірге осы сайлауда өзіне қолдау танытқан бұрынғы президент Мұхаммед Хатамиді мақтаған. Иранда баспасөзде Хатамидің атын атауға тыйым салған.

Роухани өзіне барша Иран халқының, тіпті өзіне дауыс бермегендердің де көмегі қажет екенін айтып, елді бірлікке шақырған. Сарапшылар мамырдың 19-ында өткен президент сайлауында Роуханидің жеңіске жетуін діни клерикалдар үстемдігі орнаған Иран қоғамында оның жүзеге асыруды көздеген реформалары мен бейбітшілікті қалпына келтіруге бағытталған талпыныстарын қатардағы сайлаушылардың қолдайтындығының көрінісі деп сипаттайды.

Сенбі күні Иран ішкі істер министрі Абделреза Рахмани Фазли Иран президенті сайлауы қортындысы бойынша, дауыс беруге қатысқан азаматтардың 57 пайызының қолдауына ие болған қазіргі президент Хасан Роуханидің жеңіске жеткені туралы хабарлаған. Оның негізгі бәсекелесі – бұрынғы прокурор, діни консерватор Ибрагим Раисиге сайлаушылардың 38,5 пайызы дауыс берген. Олармен бірге сайлауға түскен қалған екі кандидаттың әрбірінің жиған дауыс саны миллионға жетпеген.

Иранда президенттікке кандидат болатындарды сақшылар кеңесі мұқиятсүзгіден өткізеді. Клерикалдық мекеменің мақұлдауынан өтпеген адам сайлауға қатыса алмайды.

Ел азаматтары сайлайтын Иран президенті ішкі және сыртқы саясат жүргізу өкілеттігіне ие атқарушы билік басшысы саналады. Бірақ барлық маңызды әскери және саяси мәселелерде ол Иранның жоғарғы рухани жетекшісі – 77 жастағы аятолла Әли Хаменеиге бағынады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG