Accessibility links

БАҚ: АҚШ 2010-2012 жылдары Қытайда 20-ға жуық агентінен айырылған


АҚШ орталық барлау басқармасы штаб-пәтерінде. Вирджиния, 14 тамыз 2008 жыл. (Көрнекі сурет.)
АҚШ орталық барлау басқармасы штаб-пәтерінде. Вирджиния, 14 тамыз 2008 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қытайда 2010-2012 жылдар аралығында АҚШ орталық барлау басқармасы (CIA) агенттері (олардың саны 18-ден 20-ға дейін деп көрсетілген) өлтірілген немесе тұтқындалған. Қытайда жұмыс істеген агенттердің әшкереленуінің себептері әлі күнге белгісіз қалып отыр деп жазады The New York Times басылымы. Газеттің жазуынша, соңғы бірнеше онжылдықта орталық барлау басқармасы мұндай үлкен сәтсіздікке кезікпеген.

Мақала авторларының болжамы бойынша, Қытай өз тыңшысын CIA ішіне енгізген болуы ықтимал, тағы бір жорамалда бұл қытай хакерлерінің АҚШ арнайы қызметінің коммуникациялық жүйелеріне жасаған шабуылының нәтижесі болуы мүмкін екені айталады. АҚШ орталық барлау басқармасы бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.

Басылымның жазуынша, 2010 жылы АҚШ орталық барлау басқармасы Қытайда жасырын агенттер желісін құрған. Олар Вашингтонға Пекиндегі үкіметтің жұмысы жайлы бағалы ақпараттар беріп отырған. 2011 жылы агенттерден түсетін ақпарат азайып кеткен, көп ұзамай агенттер ізім-қайым жоғала бастаған.

Америкалық агенттердің бірін үкімет ғимаратының ішкі ауласында әріптестерінің көзінше атып өлтірген, бұл АҚШ арнайы қызметтеріне барлау әрекеттерін тыю туралы берілген ескертуге ұқсайды деп жазады газет. АҚШ орталық барлау басқармасының Қытайдағы агенттерінен айырылуы кезінде совет және ресей барлау мекемелерінің америкалық арнайы қызметке енгізген тыңшылары Олдрич Эймс пен Роберт Ханссеннің іс-әрекеттері кесірінен бұрынғы СССР-де, кейін Ресейде әшкереленген агенттерді жоғалтумен пара-пар делінген The New York Times мақаласында.

XS
SM
MD
LG