Украинада бүгін СССР кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып жатыр. Киевте "Быковнянские могилы" ұлттық тарихи-мемориалдық қорығында өткен еске алу шарасына ел президенті Петр Порошенко да қатысты.
Гүл қою рәсімінен кейін ол «Украина шындық пен әділеттілік үшін күрескен тұлғалардың есімдерін білуі тиіс» деп мәлімдеді. Президент бұдан сегіз жыл бұрын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сталинизм қылмыстарын нацистердікімен теңестіргенін айтты. Дәл сол себепті Украинада декоммунизация жүріп жатыр деді Порошенко.
Украина президенті жақын арада «Георгий лентасына» тыйым салу туралы жарлыққа қол қоятынын хабарлады. Оның мәлімдеуінше, қазіргі кезде бұл лента «Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарының емес, Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясының символына» айналған. «Осы лентаны тағып алған содырлар біздің сарбаздарымызды күн сайын өлтіріп жатыр» деп мәлімдеген Порошенко.
Бұған қоса Украина президенті ел аумағында "ВКонтакте" және "Одноклассники" әлеуметтік желілеріне салынған тыйым туралы да айтқан. Оның мәлімдеуінше, украиналықтар "Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі бақылауындағы әлеуметтік желілерсіз де өмір сүре алады".
СССР кезінде миллиондаған адам саяси қуғын-сүргін құрбаны болған. Ресейде саяси қуғын-сүргін құрбандарын жылда қазанның 30-ында, Украинада – мамырдың үшінші жексенбісінде, ал Қазақстанда – мамырдың 31-і күні еске алады.