Ұстамды саясаткерлер мен реформашылар Тегеран қалалық кеңесінен консерваторларды ығыстырып шығарып, кеңесті толық бақылауына алды. Реформашылар кеңестегі 21 орынды түгел иеленді. Дауыс беру 19 мамырдағы Иран президенті сайлауымен қатар өтті. Президент сайлауында іс басындағы президент, реформашыл әрі ұстамды саясаткер Хассан Роухани жеңген.
Тегеранда тоғыз миллион халық тұрады. Қалалық кеңеске сайланған жаңа мүшелер арасында бұрынғы президент Акбар Хашеми Рафсанджанидің ұлы Мохсен Хашеми бар. Рафсанджани қаңтарда дүние салған. Консерваторлар қалалық кеңестегі биліктен 14 жылдан бері бірінші рет айырылып отыр.
Тегеран қалалық кеңесінің жаңа құрамы енді қала мэрін сайлайды. Кеңес сайлаудан кейін 45 күн ішінде алғашқы отырысын өткізуі тиіс.
Тегеранның қазіргі мэрі Мохаммад Бакир Калибаф президент сайлауына кандидатурасын ұсынып, кейін сайлаудан шығып, қатаң саясатты жақтайтын саясаткер Эбрахим Раисиді қолдап шыққан. Раиси сайлауда Роуханиден жеңілген.