Accessibility links

Ұлттық банк Delta Bank-тің депозит қабылдау лицензиясын тоқтатты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан Ұлттық банкі бүгіннен бастап Delta Bank-тің жеке адамдар мен заңды тұлғалардан депозит қабылдау, банкте есепшот ашу лицензиясын 2017 жылдың 15 маусымына дейін тоқтату туралы қаулы шығарды. Ұлттық банктің ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, лицензияны тоқтату туралы шешім 18 мамырда төлем жасау және қаржы аудару операцияларына қатысты келісім міндеттемелерін сәйкесінше орындамағаны және пруденциялық нормативтерді бұзғаны үшін "қадағалау әрекеті аясында" қабылданған.

Ұлттық банк 2017 жылдың 1 мамырындағы мәлімет бойынша, Delta Bank-тегі жеке азаматтардан қабылданған депозит көлемі 600 миллион теңге, заңды тұлғалардың депозиттері 115,7 миллиард теңге болғанын айтады. Бұл банктің депозит көлемі жалпы банк жүйесіндегі жиынтық депозит көлемінің 0,7 пайызын ғана құрайды.

Ұлттық банк бұл банк лицензиясының күшін соңғы жеті айда осымен екінші рет тоқтатып отыр. Өткен жылы 1 қарашада Ұлттық банк Delta Bank пен "Қазинвестбанктің" депозит қабылдау және жеке азаматтарға банк есепшотын ашу лицензиясын тоқтатқан еді. 27 желтоқсанда "Қазинвестбанк" лицензиясынан айырылған. 29 желтоқсанда Delta Bank-тің депозит қабылдау лицензиясы қайта күшіне енгізілген.

XS
SM
MD
LG