Accessibility links

Шенеуніктің журналист Таукинаға шағымы бойынша сот кейінге қалдырылды


Журналист Розлана Таукина (оң жақта) мен азаматтық белсенді Маржан Аспандиярова Бостандық аудандық сотының сыртында тұр. Алматы, 15 мамыр 2017 жыл.
Журналист Розлана Таукина (оң жақта) мен азаматтық белсенді Маржан Аспандиярова Бостандық аудандық сотының сыртында тұр. Алматы, 15 мамыр 2017 жыл.

Алматының Алмалы аудандық әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуовтің журналист әрі құқық қорғаушы Розлана Таукинаға қарсы азаматтық шағымы бойынша сотта 22 маусымға дейін үзіліс жарияланды. Бостандық аудандық сотының судьясы Гүлмира Талапова бұл туралы шешімді екі тараптың дауды бейбіт шешу туралы талап-арызы бойынша қабылдады.

Шағымданушы тарап бейбіт келісім жобасын дайындаған. Ермек Бейсеуовтің заңгері Сәния Аңлауысова бүгінгі сот отырысына бір сағаттай уақыт қалғанда жобасын Розлана Таукина мен оның өкілі - заңгер Маржан Аспандияроваға ұсынды. Аңлауысованың сөзінше, Аспандиярова бітімге келу идеясымен келіскен, бірақ бітім жобасының кейбір тұстарына қарсы. Сотқа қатысқан Розлана Таукина мен Маржан Аспандиярова сотта Сәния Аңлауысованың ақпаратын растады.

Екі тарап та судьядан өздеріне істі бітіммен шешу шарттарын келісуге қосымша уақыт беруді сұрады. Судья Гүлмира Талапова тараптардың талап-арызын қанағаттандырды. Бірақ судья тараптарға "дайындық кезеңін теріс мақсатта пайдаланбауды" және егер істі бітіммен шешетін болса онда 22 маусымда келісімді қарау үшін ол жайлы 5 маусымнан кешіктірмей сотқа хабарлауы тиіс екенін ескертті.

Ермек Бейсеуов өзінің "абыройы мен қадыр-қасиеті және іскерлік беделін қорғау туралы" шағымында соттан 2016 жылы 20 қыркүйекте Rezonans.kz сайтында жарияланған "Дом с химерами" деген тақырыптағы мақалада келтірілген мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп тануды сұрайды. Шенеунік сонымен қатар жауапкер Таукинаны өзінің "абыройы мен қадыр-қасиеті және іскерлік беделін қаралайтын" мәліметті терістеуге міндеттеуді талап етеді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG