Accessibility links

Оралда Мәметованың ескерткішін сүруге қарсылық танытқан әйелді полиция ұстады


Қазақстанда жойылған Коммунистік партияның жақтасы Оксана Терновская Мәншүк Мәметованың ескерткішін сүруге қарсылық акциясын өткізіп тұр. Орал, 22 мамыр 2017 жыл.
Қазақстанда жойылған Коммунистік партияның жақтасы Оксана Терновская Мәншүк Мәметованың ескерткішін сүруге қарсылық акциясын өткізіп тұр. Орал, 22 мамыр 2017 жыл.

Бүгін Батыс Қазақстан облысының орталығы Оралда Совет одағының батыры, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан Мәншүк Мәметоваға орнатылған ескерткішті сүруге қарсы жалғыз кісілік пикет өткізген Оксана Терновскаяны полиция ұстады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Қазақстанда жойылған Коммунистік партияның жақтасы Оксана Терновская бүгін билік сүре бастаған ескерткішке барып, қолына "Совет одағының батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішінен қолыңды тарт" деген жазуы бар қағаз ұстап біраз уақыт тұрды. Оның қарсылық акциясын полиция қызметкерлері бақылаған. Ол қолындағы қағазын жанына жерге қойған сәтте өзін таныстырмаған полиция капитаны бағынышты полицейлерге Терновскаяны "қоқыс тастағаны үшін" ұстауға пәрмен берді. Терновскаяны Абай аудандық ішкі істер басқармасына алып барды.

Мәншүк Мәметованың ескерткішін сүруге қарсылық танытқан Оксана Терновскаяны полиция ұстап әкетіп барады. Орал, 22 мамыр 2017 жыл.
Мәншүк Мәметованың ескерткішін сүруге қарсылық танытқан Оксана Терновскаяны полиция ұстап әкетіп барады. Орал, 22 мамыр 2017 жыл.

Оралда бүгін Мәншүк Мәметованың ескерткішін сүре бастаған. Қаланың орталығындағы биіктігі бес метр, салмағы сегіз тонналық бұл ескерткіш 30 жылдан астам уақыт тұрған. Билік ескерткішті техникалық тұрғыдан тозығы жеткендіктен сүріп жатқанын айтады. Жергілікті әкімдік Мәншүк Мәметованың ескерткішінің орнына Екінші дүниежүзілік соғыстың батырлары пулеметші Мәншүк Мәметова, мерген Әлия Молдағұлова және ұшқыш Хиуаз Доспанованы бейнелейтін "Қазақ халқының даңқты қыздары" мүсіндік композициясы орнатылатынын айтады. Биліктің ақпараты бойынша, композиция Астанада жасалады, құны 138 миллион теңгені құрайды. Жергілікті билік Мәншүк Мәметованың ескерткішін сүрген соң Мәметованың туған жері Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданына жөнелтуі мүмкін екенін айтады.

Оксана Терновская өзін ұстағанға дейін бұған дейін әкімдікке Мәншүк Мәметованың ескерткішін сүрмеуді сұрап хат жазғанын хабарлаған.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG