Ресей Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко кәмелетке толмағандардың наразылық акцияларына қатысуына заңмен тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы ол "Известия" газетіне берген сұхбатында айтты.
Матвиенконың сөзінше, заманауи технологиялар адамдарды тез арада ұйымдастыруға мүмкіндік береді және жастар "әрқашан байыпты ойлап, парасатты шешім қабылдай бермейді". Ол кәмелетке толмағандарды рұқсат етілмеген көпшілік шараларға қатыстыруды "әділетсіздік және арсыздық" деп атап, бұл мәселе Федерация кеңесінде талқылануы мүмкін екенін айтты.
26 наурызда Ресей көлемінде коррупцияға қарсы акциялар өткен болатын. Акцияларға ондаған мың адам, оның ішінде студенттер мен мектеп оқушылары да қатысқан. 27 наурызда Кремль кәмелетке толмағандар көшеге "ақша таратылады" деп уәде берілуіне байланысты шыққанын мәлімдеген. Бұл қарсылық акцияларынан соң Ресейдің көптеген оқу орындарында "бесінші колонна" мен "сатқындар" туралы дәрістер оқылып, "ашық сабақтар" өткізілген.