Қытай Пхеньянмен оның ядролық және зымыран бағдарламаларына қатысты келіссөзді қайта бастауға шақырып, АҚШ пен оның одақтастарының Солтүстік Кореяға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі салған санкцияларды қатаңдату туралы ұсыныстарын қабылдамай тастады.
"Корей түбегіндегі шиеленісті бәсеңсітудегі әрбір алға ілгерілеуге диалог арқылы қол жеткен" деді Қытайдың БҰҰ-дағы тұрақты уәкілі Лю Цзей 23 мамырда Нью-Йоркте.
"Диалог өте қажет. Қазіргі жағдайда диалог орнатпауға еш себеп жоқ. Оған саяси ерік-жігер баршылық" деді Қытай дипломаты.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі және кеңесте вето қою құқығы бар Қытай Солтүстік Кореяның басты сауда әріптесі әрі одақтасы.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты уәкілі Никки Хейли Солтүстік Корея ядролық сынақтарын доғармайынша келіссөз болмайтынын мәлімдеді.
АҚШ, Франция мен Ұлыбритания Қауіпсіздік кеңесін Пхеньянның биыл ядролық және зымыран сынақтарын жиілеткеніне жауап ретінде санкцияларды қатаңдатып, жаңа санкциялар салуға шақырған.
Бірақ Лю Цзей Қытай алдымен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бұған дейін Солтүстік Кореяға қарсы санкция салатын алты қарарының толық орындалғанын қалайтынын айтты.
Солтүстік Корея соңғы рет 22 мамырда қуаты орташа қашықтықтыққа арналған баллистикалық зымыранын ұшырған.