Бүгін парламент мәжілісінің депутаттары кейбір заңдарды конституцияға енгізілген өзгерістермен сәйкестендіретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жобада қылмыстық кодекске елдің "өмірлік маңызы бар мүдделеріне ауыр зиян келтіру" және "аса ауыр террористік қылмыстар жасауға" қатысты азаматтықтан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындау қарастырылған.
Сәуірдің 25-і күні үкіметте заң жобасын таныстырған әділет министрі Марат Бекетаев заңнаманы конституциямен сәйкестендіру мақсатында жеті кодекс пен 46 заңға өзгерістер енгізу қажетін, оның ішінде қылмыстық кодекстің 21 бабында азаматтықтан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындау ұсынылып отырғанын айтқан. Министрдің ақпараты бойынша, азаматтықтан айыру жазасы тағайындалатын қылмыстар санатында терроризм актісі, террористік топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу, жалдамалылық, Қазақстан президентінің өміріне қол сұғушылық, адамды кепілге алу, геноцид, экоцид, сепаратистік әрекет, экстремистік топ құру және оған басшылық ету, билікті басып алуға, конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге шақыру, мемлекетке опасыздық жасау сияқты қылмыстар бар.
Ол заңға енгізілетін өзгерістер "саяси құралға айналмайтынын", "саясаттың қатысы жоғын" айтқан.
Жоба бойынша, азаматтық тан айыру туралы сот шешімі күшіне енген соң ішкі істер және сыртқы істер министрліктерінің уәкілетті органдарына тіркеледі.
Видео: Адамды азаматтықтан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындайтын заң жобасын үкіметте талқылау (25.04.2017)