Accessibility links

Ақышев: БЖЗҚ қаржысын Әзербайжан банкіне салуға қатысым жоқ


Данияр Ақышев, Ұлттық банк төрағасы.
Данияр Ақышев, Ұлттық банк төрағасы.

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев бүгін Алматыда өткен баспасөз конференциясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қаржысын дефолт болған Әзербайжан банкіне салу туралы шешімді "Ұлттық банктің өзіне дейінгі басшылығы" қабылдағанын мәлімдеді. Ақышевтің сөзінше, БЖЗҚ Әзербайжан Халықаралық банкінің 250 миллион доллар сомасындағы, 10 жыл айналымда жүру мерзімі бар қарыз бағалы қағаздарын және жылдық мөлшерлемесі 8,25 пайыздық купондарын 2014 жылы қазанда сатып алған. Ол кезде Ұлттық банкті Қайрат Келімбетов басқарып тұрған.

"Бағалы қағаздар офшорлық мамандандырылған компания арқылы жабық түрде орналастырылған, бірден-бір инвестор БЖЗҚ активтерін басқаратын Ұлттық банк болып саналады. Облигацияларды сатып алу туралы шешімді БЖЗҚ емес, сол кезде Ұлттық банкте қызмет істегендер қабылдады" деді Данияр Ақышев. Ол Ұлттық банк 2016 жылы сәуірде міндеттемесін өтеуді сұрағанын, бірақ банк одан бас тартқанын айтты. Әзербайжан банкі Қазақстанның бұдан кейінгі өтініштеріне де бас тартқан.

Ақышев әзербайжан банкі ірі кредиторлармен кездесуде реструктуризацияның үш түрлі жолын ұсынғанын айтады. Оның сөзінше, ұсынылған үш жол да шығын келтіріп, пайдадан қағады. Себебі "реструктуризация дегеннің өз инвесторлар үшін шығын тарту немесе жағдайдың нашарлауы дегенді білдіреді".

БЖЗҚ 71,3 миллиард теңге салған Әзербайжан халықаралық банкі 12 мамырда кредиторларға алдындағы міндеттемелерін орындауды тоқтататынын хабарлаған.

БЖЗҚ-да қазақстандықтардың зейнетақы қаражаты жинақталады. Заң бойынша, әрбір жұмысшы жалақысының 10 пайызы осы қорға аударылады. Мамырдың басындағы мәлімет бойынша, БЖЗҚ-да 6,9 триллион теңге (22 миллиард доллардан астам) жинақталған. БЖЗҚ активтерін Ұлттық банк басқарады.

AzattyqLIVE хабарында БЖЗҚ активтерін Әзербайжан банкіне инвестициялау мәселесіне қатысты сауалдарға экономист Рақым Ошақбаев жауап берді (18.05.2017):

XS
SM
MD
LG