Accessibility links

ФСБ Қырымда "терроризм мен диверсияға қарсы" жаттығу өткізіп жатыр


ФСБ жасақтары (Көрнекі сурет)
ФСБ жасақтары (Көрнекі сурет)

Ресей Украинадан аннексиялап алған Қырымда Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) бөлімдері теракт мен диверсияның алдын алу бойынша жаттығу өткізіп жатыр. Бұл туралы Азаттықтың Орыс редакциясы ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Жаттығу 24-29 мамыр күндері "Черноморнефтегаз" мекемесінің нысандары мен Евпаториядағы қонақүй кешенінде өтеді. Жаттығуға екі мыңға дейін әскери қызметкер, сауытты көліктер, авиация мен флот қатысып жатыр.

Наурызда Қырымда Ресей әуе-десанты күштерінің ауқымды командалық-штабтық жаттығуы өткен. Қара теңіз флоты мен авиация да қатысқан ол жаттығуда ұрыс кезіндегідей оқ атылған. Биыл қаңтардың басында Мәскеу Қырымның Феодосия аймағына қосымша С-400 "Триумф" зенит-зымыран жүйелерін орналастырған.

Ресей Қырымды аннексиялап, Украина шығысындағы қақтығысқа киліккен соң әскери жаттығу мен армиясын кенеттен тексеруді көбейткен. Батыс елдері бұған қатысты бірнеше рет алаңдаушылық білдірген.

XS
SM
MD
LG