Accessibility links

ОҚО: Арыста шыбын-шіркей көбейіп, тұрғындар ауруханаға түсіп жатыр


Мұрат Қадырбек, Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласының әкімі. Шымкент, 24 мамыр 2017 жыл.
Мұрат Қадырбек, Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласының әкімі. Шымкент, 24 мамыр 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласындағы Көксарай су қоймасы маңында орналасқан ауылдарда шыбын-шіркей тым көбейіп кетті деп хабарлады бүгін Арыс әкімі Мұрат Қадырбек.

Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде өткен брифингте Мұрат Қадырбектің айтуынша, шыбын-шіркейге таланып, зардап шеккен жергілікті тұрғындар ауруханаға жатқызыла бастаған. Қазір шыбын-шіркейдің көбейіп кету себебін анықтау үшін 7 миллион теңге бөлініп, ғылыми зерттеу жүргізіліп жатыр.

Яғни, шыбын-шіркейдің көбею себептері, қай түрі көбейген және қандай дәрімен улауға болатыны анықталып жатыр. Шалшық сулардың артуы шыбын-шіркейдің көбеюіне қолайлы жағдай туғызып отыр. Қазір есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шыбын-шіркей тым көбейіп кетті, - дейді Мұрат Қадырбек.

Аудан тұрғындарының Азаттыққа хабарлауынша, бірнеше айдан бері шыбын-шіркей көбейіп, далаға шыға алмай қалған. "Қазір біз үйден сыртқа шыға алмай қалдық. Шықсақ болды, шыбын-шіркей талап тастайды. Не істейтінімізді білмей отырмыз. Май-құртымызды сатып, дәрі-дәрмек сатып алып жүрміз" дейді Ақпан және Шөгерлі ауылдарының тұрғындары.

Арыс әкімі сонымен қатар қала аумағында шегірткенің де көбейгенін, былтыр шегірткеден залалсыздандыру жұмыстары 15 мың гектар аумақта жүргізілсе, биыл 106 мың гектар аумақта жүргізілетінін айтты.

XS
SM
MD
LG