Accessibility links

Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау соғылды


Алматы облысындағы мектептердің біріндегі соңғы қоңырау салтанаты (Көрнекі сурет).
Алматы облысындағы мектептердің біріндегі соңғы қоңырау салтанаты (Көрнекі сурет).

Бүгін Қазақстандағы орта мектептерде оқу жылын аяқтаған дәстүрлі соңғы қоңырау соғылды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, биыл Қазақстанда 11-сыныпты 131 мыңға жуық түлек бітіреді. Олардың 95 мыңнан астамы Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш білдірген.

Жыл сайынғы мектеп бітіру және жоғары оқу орнына түсу емтиханы саналатын Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсыру ережесіне біршама өзгеріс енгізілген. Биылдан бастап түлектер әуелі мектепте аттестат алу үшін бес пән - міндетті төрт пән және өзі таңдаған бір пән бойынша емтихан тапсырады. "Алтын белгі" осы емтихандардың қорытындысы бойынша беріледі. Бұл емтихандар биыл 29 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді.

Бұған дейін білім және ғылым министрлігі ҰБТ-да межелі балл жинай алмаған түлектер тестті ақылы түрде екінші рет тапсыра алатынын мәлімдеген. Министрлік бұған қоса келесі оқу жылынан бастап мектеп бітіру емтиханы мен жоғары оқу орнына түсу емтиханын екі кезеңге бөлуді қарастырып жатқанын айтады.

Жаңа үлгідегі ҰБТ биыл 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Түлектер ҰБТ-ны бес пән - үш міндетті және екі салалық пән бойынша тапсырады.

Былтыр Қазақстанда 120 мыңнан астам түлек мектеп бітіріп, олардың 87 мыңға жуығы ҰБТ тапсырған.

XS
SM
MD
LG