Accessibility links

Әблязов: "Ақылға қонымсыз" сот шешімін мойындамаймын


Мұхтар Әблязов, бұрынғы банкир, қуғындағы олигарх.

Қуғындағы оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов Қазақстан соты "БТА банкінен қаржы жымқыру" ісіне қатысты өзіне қандай шешім шығарса да мойындамайтынын мәлімдеді. Әблязов бұл туралы бүгін сотқа қатысты Азаттыққа берген комментариінде айтты.

Skype арқылы байланысқа шыққан Әблязов Алматыда өтіп жатқан сотта прокурордың соттан өзі мен БТА банкінің бұрынғы басшыларына сұраған жазаларын "абсурд" деп атады. Азаттықтың "Прокурор сұраған жазаға қатысты не айтасыз?" деген сұрағына Әблязов "Прокурордың мені 20 жылға, Қайрат Садықовты 18 жылға соттау, Жақсылық Жарымбетов пен Сәдуақас Мәмешті шартты мерзімге соттауды сұрауы абсурд қана емес, Ақорданың өзі не істеп жатқанын түсінбейтінін, шынайы өмірден ажырағанын көрсетеді" деді.

Оның сөзінше, БТА банкінің несие беру бойынша бұрынғы директоры Қайрат Садықов - банктің қатардағы орындаушысы ғана.

- Мен директорлар кеңесінің төрағасы болғандықтан оған заңдық тұрғыдан алғанда ешқандай нұсқау бере алмаймын. Себебі менің өкілеттігім директорлар кеңесінің аясында шектеледі. Ол өзі бағынған Жарымбетов пен банк басқармасының айтқанын орындайды... Ол өзінің айыбын жартылай мойындайтынын, басшылықтың айтқанын орындағанын айтты. Енді мынаған қараңыз: басшының айтқанын жасаған адамға 18 жыл береді, ал оған тікелей басшылық адамдарға (Жарымбетов пен Мәмешті айтады - ред.) "айыбын мойындап, ісіне өкілгені үшін" шартты мерзім кеседі. Яғни, бұл жердегі мәселе Ақордаға қажетті сөзді айтқызу керек болған. Егер олар басқаларға шартты жаза берсе, онда Садықовқа да шартты жаза берсін. Бұл - масқара, адамшылық тұрғысынан алғанда да масқара - деді Әблязов.

Ол мемлекет тағайындаған адвокаты өзімен "бір де бір рет байланыспағанын", "қалай қорғанатыны, не істеуі керегін сұрамағанын" да айтты.

Әблязов Алматыда өтіп жатқан өзіне қарсы сот барысы туралы ақпаратты БАҚ-тан ғана көріп, "жылдам көз жүгіртіп шығатынын", себебі соттың "жалған" екенін айтты. Әблязов прокурордың Қайрат Садықовқа 18 жыл сұрағанына қатысты ғана комментарий беріп отырғанын айтты.

Бүгін Алматыда БТА банкіне қатысты өтіп жатқан сотта прокурор банктің директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Әблязовті "қылмыс жасауға оқталу", "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету", "БТА банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "өкілеттіктерін теріс пайдалану" баптары бойынша кінәлі деп танып, 20 жылға соттауды және мүлкін тәркілеуді сұраған.

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған Мұхтар Әблязов 2016 жылы 9 желтоқсанда бостандыққа шыққан. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды және өзіне қарсы істің саяси астары бар деп таниды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG