Accessibility links

Санкт-Петербургтегі терактіге күдіктілерге айып тағылды


Санкт-Петербургтегі жарылысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталған Акрам Азимов сотта отыр. Мәскеу, 20 сәуір 2017 жыл.
Санкт-Петербургтегі жарылысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталған Акрам Азимов сотта отыр. Мәскеу, 20 сәуір 2017 жыл.

Ресейлік тергеушілер Санкт-Петербург метросында болған жарылысқа қатысты Қырғызстанда туған ағайынды күдіктілер - Аброр және Акрам Азимовтерге түпкілікті ресми айып тақты. Тергеушілер бұған дейін Акрам Азимовті "3 сәуірде болған, 15 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған терактіні ұйымдастырушы" деп атаған.

"Менің қорғауымдағы азаматтарға қылмыстық кодекстің 205-бабы ("терроризм") және 222-бабы ("қару-жарақ пен жарылғыш заттар сақтау") бойынша айыптар тағылды" деді олардың адвокаты Дмитрий Динзе.

Азимовтар Мәскеу мен оның түбіндегі Одинцово ауданында ұсталған. Акрам Азимов өзіне тағылған айып пен жарылысқа қатысы барын жоққа шығарған. Ағайынды жігіттердің анасы да "ұлдарымның жарылысқа қатысы жоқ" дейді. Оның пікірінше, арнайы қызмет өкілдері Акрам Азимовты ауруханадан күштеп әкеткен.

Тергеу болжамынша, Аброр Азимов өзін-өзі жарды делінген Акбаржон Джалиловпен байланыста болып, терактіні ұйымдастыруға қаржы жинаған. Ал Акрам Азимов "халықаралық террористік ұйымдардың мүшелеріне олардың Ресей аумағына кіруі үшін жалған құжат жасаумен айналысқан".

Ағайынды жігіттер тұтқындалған соң көп ұзамай 2013 жылы иеленген Ресей азаматтығынан айырылды. Ресей ішкі істер министрлігі сотта ағалы-інілі Акрамовтар мен олардың ата-анасы Ресей азаматтығын алу туралы өтінішінде жалған мәлімет бергенін айтқан.

Жарылыс 3 сәуір күні Санкт-Петербургтің орталығында метроның екі станциясы аралығында болған. Билік жарылысты теракт деп бағалаған. Құрбандар арасында Қазақстан азаматы, Санкт-Петербург университетінде оқып жүрген Максим Арышев те бар.

XS
SM
MD
LG