Accessibility links

Астана мұнай өндірісі көлемін азайту келісімінің ұзартылғанын құптайды


Қызылорда облысы аумағындағы кеніште мұнай өндіріп жатқан жұмысшылар (Көрнекі сурет).
Қызылорда облысы аумағындағы кеніште мұнай өндіріп жатқан жұмысшылар (Көрнекі сурет).

Астана ОПЕК елдері мен оның құрамына кірмейтін мемлекеттердің өндіріс көлемін азайту мерзімін ұзарту туралы келісімін "құптап, қолдайды" деп хабарлады бүгін Қазақстанның энергетика министрлігі.

Министрлік Қазақстан осы келісім бойынша өзінің күндік өндіріс көлемін 20 мың баррельге азайту туралы міндеттемесін орындай беруге ниетті екенін айтады.

"Қазақстан бұған дейін ОПЕК-тен алған міндеттемесін орындайдыц. Елдегі мұнай өндіру көлемі тәулігіне шамамен 1 миллион 673 мың баррельді құрайды және соңғы екі айда аздап өсім болды. Мамыр-маусым айларында өндіріс көлемі азайып, жалпы жарты жылдық бойынша міндеттеме толық орындалады" делінген министрлік хабарламасында.

25 мамырда Венада ОПЕК елдері мен оған кірмейтін мұнай өндіруші басқа да елдер бұған дейінгі мұнай өндіру көлемін азайту келісімінің мерзімін тоғыз айға - 2018 жылдың наурызына дейін ұзартуға келіскен. Келісімге қол қойған елдер тәулігіне өндірілетін жалпы мұнай көлемін 1,8 миллион баррельге азайтты.

Жаңа келісім жасалған жария болған соң мұнай бағасы арзандай түсті. Сарапшылардың пікірінше, нарықта мұнай өндірісі көлемін қосымша тағы да азайта түсуге және оның мерзімін бұдан да ұзартуға келісім жасалады деп күткен.

Қазір мұнай баррелі 50 доллардан саудаланып жатыр. Бұл баға 2016 жылдың басындағы 30 доллармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, дегенмен 2014 жылғы бағадан екі есеге төмен.

XS
SM
MD
LG