Accessibility links

Ораза айы басталды


Алматының орталық мешітінде намазға жиналған жамағат. Қыркүйек, 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Алматының орталық мешітінде намазға жиналған жамағат. Қыркүйек, 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қазақстан мұсылмандары бүгіннен бастап ауыз бекітті. Мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы биыл мамырдың 27-інде басталып, маусымның 25-інде аяқталады деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ).

ҚМБД бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы жамағатты қасиетті Рамазан айының енуімен құттықтады.

"Қоғамда кісі ақысын жеу, баланы аяусыз ұру, педофилизм, нәрестені далаға тастау, өз-өзіне қол жұмсау, ажырасу, кейбір азаматтар арасындағы қатыгездік жағдайлар, арақ-шарапқа тәуелділік, отбасындағы келіспеушілік, террорлық оқиғалар сынды жалпы адамгершілік құндылықтарға жат әрекеттер көрініс табуда. Пендені рухани тұрғыдан аздырып, елдің тыныштығын бұзып, қоршаған орта мен бүкіл қоғамның тұтастығына үлкен зиянын тигізетін мұндай жаман әрекеттерге жұрт болып жұмылып қарсы күресуіміз керек" деген бас мүфти қазақстандықтарға үндеуінде.

Рамазан айында балиғатқа жасы жеткен, ақыл-есі дұрыс мұсылман таң білінгеннен ымырт жабылғанша нәр татпай ораза ұстайды. Бұл айда пітір мен зекет беру мұсылманға парыз болмақ. Ораза уақытында мұсылмандар садақа беріп, ауызашар ұйымдастырады.

ҚМДБ мәліметінше, биылғы Рамазан айында берілетін пітір садақа мөлшері жан басына 300 теңге болып бекітілген.

Қазақстан мұсылмандары маусымның 22-іне қараған түні Қадыр түнін қарсы алады. Маусымның 25-і таңертең Ораза айт мейрамы басталып, үш күнге жалғасады.

XS
SM
MD
LG