Қазақстанда туған Канада азаматы 22 жастағы Кәрім Баратов өзін тұтқыннан босатуды сұрап апелляциялық шағым берген. Баратов «Ресей арнайы қызметімен сөз байласып, АҚШ-тағы Yahoo интернет компаниясы желісіндегі 500 миллионнан аса электрондық жәшікке кибершабуыл жасауға қатысқан» деген күдікпен ұсталған.
Қазіргі кезде Кәрім Баратовты экстрадициялауды сұраған АҚШ-тың өтінішін қарап жатқан Канада билігі бұл мәселе бойынша шешім қабылдайтын сот өтетін күнді маусымның 16-сында белгілейді. Баратовтың өзін тұтқыннан кепілге босатуды сұраған өтініші маусымның 5-і күні қаралмақ.
Кәрім Баратов наурыз айында қамауға алынған, сәуірде Канада соты «ол бостандыққа шықса қашып кетуі мүмкін» деген қауіппен Боратовты кепілге босатудан бас тартқан.