Accessibility links

Ирак әскері Мосул қаласындағы содырларға шабуылын бастады


Мосул қаласының қираған көшелерінде жүрген Ирак әскерилері. Ирак, 8 мамыр 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Мосул қаласының қираған көшелерінде жүрген Ирак әскерилері. Ирак, 8 мамыр 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

"Ислам мемлекеті" (ИМ) террорлық ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) содырлары бекінген Ирактың Мосул қаласына АҚШ қолдаған Ирак әскері ірі шабуылын бастады.

АҚШ және Ирак әскерилерінің біріккен операциясы 27 мамыр күні басталған. Қазір ИМ содырлары Мосулдың батыс бөлігіне бекінген. Әскерилер бұл қаланы содырлардың Ирактағы соңғы бекінісі атайды.

Әскери операция Ирак әуе күштерінің қаладағы бейбіт халыққа әуеден үндеу қағаздарын таратқаннан кейін басталған. Ол қағаздарда бейбіт тұрғындарға әскердің қаланың бір бөлігін қоршайтыны хабарланып, Мосулдың ескі бөлігінен халық көп тұратын солтүстік аудандарына өту туралы ескертілген.

Әскери шенеуніктердің мәліметтеріне қарағанда, «қаланың қоршалған бөлігіндегі нысандарға шабуыл басталып кеткен». Олардың айтуынша, егер Мосул қаласы содырлардан азат етілсе, бұл мұндағы экстремизмге берілген жойқын соққы болмақ. Үш жыл бұрын ИМ терроршылары жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдади «халифат» құрылды деп осы Мосулда жариялаған еді.

XS
SM
MD
LG