Accessibility links

Трамп шетелге алғашқы сапарынан АҚШ-қа оралды


АҚШ президенті Дональд Трамптың әйелі Меланиямен бірге Сицилиядағы АҚШ әскери базасына келген сәті.
АҚШ президенті Дональд Трамптың әйелі Меланиямен бірге Сицилиядағы АҚШ әскери базасына келген сәті.

АҚШ президенті Дональд Трамп шетелдерге алғашқы сапарын аяқтап, еліне оралды.

Трамптың бұл сапары 9 күнге созылды. Ол Сауд Арабиясы, Израиль, Палестина аумақтарына, Италия және Бельгияға барды. Трамп сапарының "толығымен сәтті болғанын" мәлімдеді. Ол өмірінде "тарихи апта болғанын" айтты. Трамп "Үлкен жетілік" саммитіне қатысқаны туралы "өте жемісті кездесулер болды, АҚШ байланыстарын нығайттым" деді.

НАТО саммиті туралы Трамп "мен сайланғанға дейін ақша аудармаған елдер НАТО-ға қаражат бөле бастады" деді. Ол "Германия қорғанысқа бөлінетін бюджетін ІЖӨ-сінің екі пайызына жеткізу міндетін мойнына алғанын" айтты. Трамп "АҚШ-тың НАТО-ны толық қолдайтынын" мәлімдеді.

АҚШ президенті сапардан оралғанын баяндаған сөзінде "терроризмді жеңіп, өркениетті қолдауға уәде" берді. Ол терроризмді "бүкіл адамзатқа төнген қауіп" деп сипаттады.

Сицилиядағы АҚШ әскери базасында сөйлеген кезінде Трамптың жанында оның әйелі Мелания болды. Мелания әскерилерге "Күйеуім осы сапарында өте көп жұмыс істеді, оның еңбегіне мақтанамын" деді. Трамп Вашинтонға 27 мамыр оралды.

XS
SM
MD
LG