Accessibility links

Бекетаев адвокаттар санын көбейтуге шақырды


Марат Бекетаев, Қазақстан әділет министрі.

Қазақстан әділет министрлігі адвокаттар алқасы құрамына кіру үшін төленетін жарна көлемін азайтуды ойластырып жатыр деп хабарлады бүгін әділет министрі Марат Бекетаев. Астанада мәжілістегі үкімет сағатында сөйлеген Бекетаев "Қазір Қазақстанда адвокаттардың тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Азаматтарға толыққанды құқықтық көмек беретін адвокаттар саны жеткіліксіз" деді. Министрлік мәліметі бойынша, Қазақстанда орташа есеппен бір адвокатқа 3900 адамнан келеді.

"Қазақстанда іс жүзінде адвокат қызметіне тапшылық пайда болды. Адвокат қызметін қажет ететін азаматтар оған қол жеткізе алмайды, я ондай қызмет үшін тым қымбат баға төлейді" деді Бекетаев. Министрдің сөзінше, адвокаттық қызметке кірісудің қазіргі процедурасы мынадай: адвокат болып жұмыс істегісі келетіндер заңдық білім алған соң адвокаттар алқасында алты айдан бір жылға дейін ақылы түрде тағылымдамадан, аттестациядан өтіп, адвокаттар алқасына мүше болуы тиіс. "Кандидат адвокат мәртебесін алуы үшін бірнеше күрделі процедурадан өтіп, орташа есеппен бір миллион теңге төлеуі қажет" деді министр.

Бекетаевтың сөзіне қарағанда, әділет министрлігі республикалық адвокаттар алқасымен бірлесе отырып, бастапқы жарнаны 100 айлық есептік көрсеткішке дейін (226900 теңге) және тағылымдамадан өту бағасын айына бес айлық есептік көрсеткішке дейін (шамамен 11 мың теңге) азайту мәселесін қарастырып жатыр. Министр мұндай шаралар құқықтық көмектің сапасын арттырып, азаматтардың оған қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту үшін жасалып жатқанын айтады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG