Accessibility links

«Терроризмді насихаттады» деп айыпталған әйелдің сотына имам шақыртылды


"Терроризмді насихаттады" деп айыпталған Жанна Өмірова сот залында тұр. 29 мамыр 2017 жыл.
"Терроризмді насихаттады" деп айыпталған Жанна Өмірова сот залында тұр. 29 мамыр 2017 жыл.

Алматыда «терроризмді насихаттады» деген айып тағылған Жанна Өмірованың ісі бойынша сот процесі жалғасты. Бүгінгі сот отырысында Жанна Өмірованың «Мой мир» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған материалдардың саяси сараптама жасаған сарапшы тыңдалып, бір куәгер сөйледі.

Өзін «жұмыс іздеп отырып Жанна Өмірованың парақшасына кездейсоқ кірдім» деген студент куәгер ондағы материалдарды әрі қарай оқымағанын айтты. Куәгер Жанна Өмірова мен оның адвокатының «терроризмді насихаттау белгілері бар ма» деген сұрақтарына «білмеймін» деп жауап берді.

Сарапшы Жанна Өмірованың парақшасындағы материалдарда терроризмге шақыру белгілері бар деп санайтынын дәлелдеуге тырысты.

Жанна Өмірова «ол материалдарда Сауд Арабиясы басшылығының кеңесшілері болып саналатын танымал шейхтар бар, сонда олар да терроризмге шақырушы болып санала ма» деген сауалынан кейін сараптамашы уәж айтты.

Судья осыдан кейін сараптамашыны тоқтатып, келесі сот отырысына теолог пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан имам шақыру жөнінде ұйғарымын жариялады. Сөйтіп келесі сот отырысын маусымның 7-сіне қалды. Судья Жанна Өміроваға сол күні жарыссөзге дайын болуы керек екенін айтты.

Анасы Күләш Өмірованың айтуынша Жанна Өмірова өзіне тағылған айыпты тергеу кезінде ішінара мойындағанымен, сот кезінде мойындаудан бас тартқан. Ол «қызымды әлдекімдер әдейі арандатқан, оның «Мой мирдегі» парақшасын бұзып кіріп, арандатушы материал салған» деп есептейді.

Күләш Өмірова қызы Жанна Өмірованың кәмелетке толмаған екі баласы бар екенін айтады. Оның сөзінше Жанна Өмірованың терроризм айыбымен 25 жылға сотталған Жақшыбек Бимурзаевпен «мұсылмандық азаматтық неке» сипатында некелескен.

Тергеу болжамы бойынша, Алматы облысы Қапшағай қаласының 34 жастағы тұрғыны Жанна Өмірова тыйым салынған діни аудиодәрістерді әлеуметтік желілер арқылы таратумен айналысқан. Алматының Алмалы аудандық қылмыстық істер соты оның ісін мамырдың 18-інен бастап қарай бастаған.

XS
SM
MD
LG