Accessibility links

Путин: АҚШ бюрократиясы өзгерістерді болдырмай отыр


Владимир Путин, Ресей президенті

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың бюрократиялық қысым тым қатты болғандықтан жаңа идеяларды ұсынуы өте қиын екенін мәлімдеді. Бірақ ол Трамп әкімшілігімен келісім жасасу мүмкіншіліктері туып қалады деген үмітте. Путин француздың Le Figaro газетіне берген сұхбатында "АҚШ-тың бірнеше президентімен сөйлестім - президенттер келеді, кетеді, бірақ АҚШ саясаты өзгермейді. Неге екенін білесіз бе? Себебі бюрократия билігі өте күшті" деді Путин.

Ол бұған мысал ретінде АҚШ-тың бұған дейінгі президенті Барак Обаманың сайлау алдында Гуантанамо түрмесін жабуға уәде бергенін айтты. "Ол уәдесін орындауға шын ниетпен талпынды. Орындалмайды, оңай емес" деген Путин "онда адамдардың еш сотсыз, тергеусіз ондаған жыл кісенделіп жүргенін" айтты.

Ресей президенті "Өзіңіз ойлаңызшы, Франция немесе Ресей бұлай істесе - баяғыда-ақ түтіп жейтін еді. Ал АҚШ-та бұлай жасауға болады және ол әлі жалғасып отыр" деді.

Бұған дейін Ақ үй Барак Обаманың президенттік өкілеті аяқталғанға дейін Гуантанамодағы америкалық базада орналасқан түрмені жаба алмағаны хабарланған болатын. Обама билік құрған сегіз жылда Гуантанамода отырған 198 тұтқын түрлі шарттармен өзге елдерге жіберілді. Бірақ АҚШ конгресінің президент әкімшілігіне Гуантанамо тұтқындарын АҚШ территориясына кіргізуіне тыйым салуынан және көптеген елдердің терроризмге қатысы бар тұтқындарды қабылдауға құлық танытпауынан 36 тұтқын әлі түрмеде отыр. Олардың 10-ы - 2001 жылы 11 қыркүйекте болған террорлық шабуылдарға қатысы бар деп айыпталғандар әскери сотқа берілген. Аса қауіпті террорист саналатын, бірақ айып тағылмаған 26 адам Гуантанамода қамауда.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG