Accessibility links

Шымкентте саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды


Шымкентте саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға "Қасірет" мемориалына жиналған жұрт. 31 мамыр 2017 жыл.

Бүгін Шымкенттегі "Қасірет" мемориалында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған қаралы жиын өтті деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Жиынға жүздеген адам қатысты.

Шараға жиналғандар әуелі "Ана мен бала" ескерткішіне гүл қойды. Кейбір саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ұрпақтары "Қасірет" мемориалының алдында құран оқыды.

Қаралы жиын саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, бір минуттық үнсіздіктен басталды.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық кезінде әулетінен он адам қаза тапқанын айтқан Қайрат Бурахановтың сөзінше, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық жылдарында талай отбасы шайқалды.

- Зұлмат заманда шайқалған сол отбасылардың бірі - біздің отбасымыз. 10 адам құрбан болды. Екі атамыз түрмеде қорланып аштықтан қайтыс болды. Сегіз атамыз атылды. Біздің әулет шекара асып кетуге мәжбүр болды, - дейді ол.

Жиында сөйлеген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қасіретті жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 2500-дей адам халық жауы деп атылып, 7 мыңдай адам ұсталғанын айтты. "Соңғы деректердің табылуына байланысты бұл мәліметтер тағы да көбейіп жатыр" деді әкім.

31 мамыр - Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Ашаршылық тарихын зерттеуші кей мамандардың деректері бойынша, 1931-1933 жылдары қазақ даласында болған ашаршылық салдарынан екі миллионға дейін адам құрбан болған.

ВИДЕО: Алматыда 31 мамырда 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG