Қазақстан қалаларында 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні балалар мен жасөспірімдер, оқушылар қатысқан мерекелік шаралар, шерулер болды.
Алматыда түске дейін Республика алаңында қаладағы балалар оркестрлері, ансамбльдері, барабан, хор айтушылар мен би үйірмелері ұжымдарының шеруі өтті. Шеруге қатысқандар алаңды түрлі аспаптарда ойнап жүріп өтті. Жүздеген бала қатысқан ауқымды шара кезінде алаң жабылып, оған кіреберіс көшелерді әскери көліктер жауып тұрды, жол-патрульдік полициясы торуылдап жүрді. Шараға дайындалу үшін алаңда бірер күн бұрын көлік қозғалысы шектелген.
Балалар күніне орай шерулер Петропавл мен Шымкент қалаларында да өтті. Шымкенттің әкімшілік іскерлік орталығында өткен "Шабыт" шеруіне ресми мәлімет бойынша 15 мың оқушы қатысты.
Петропавлдағы балалар шеруіне 1600-ден астам бала қатысты.