Accessibility links

Сот Құшақбаевтың "кінәсін мойындау" өтінішін қарауды ашық қалдырды


Нұрбек Құшақбаев (ортада) адвокаттары Гүлнәр Жуаспаева және Төлеген Шаиковпен сөйлесіп тұр. Астана, 1 маусым 2017 жыл.
Нұрбек Құшақбаев (ортада) адвокаттары Гүлнәр Жуаспаева және Төлеген Шаиковпен сөйлесіп тұр. Астана, 1 маусым 2017 жыл.

Астанада Маңғыстаудағы Oil Construction Company компаниясы жұмысшылары кәсіподағының еңбек инспекторы, екі жарым жылға сотталған Нұрбек Құшақбаевтың апелляциялық шағымын қарау жалғасты. Бүгін түске дейін өткен сотта судьялар Құшақбаевтың "кінәсін мойындайтыны" туралы процессуалдық келісімге келу жөнінде жазған өтінішін қарауды ашық қалдырды. Апелляциялық шағымды Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының көшпелі апелляциялық алқасы әскери сотта қарап жатыр. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сотқа Нұрбек Құшақбаевтың өзін әкелді. 30 мамырда өткен сот отырысында адвокаттары оны сотқа шақыртуды сұраған.

Сот басталғанда судья Құшақбаевтан "Кінәмді мойындаймын" деген процессуалдық келісімге келу туралы өтінішті өзіңіз жаздыңыз ба?" деп сұрады. Құшақбаев өтінішті өзі жазғанын, пікірін өзгертпейтінін айтты. Бұдан соң судья апелляциялық шағым қаралатынын, бұл мәселені қарауды ашық қалдыратынын айтты.

Құшақбаевтың адвокаты Гүлнәр Жуаспаева сотта алғашқы сот инстанциясында айтқан пікірін қайталап, оның Techno Trading компаниясы жұмысшыларын "заңсыз ереуілге қатысуға арандатпағанын", оның жұмысшыларға тек "ақыл-кеңес бергенін" айтты. Адвокат Төлеген Шаиков соттан Құшақбаевтың жазасын мейлінше жеңілдетуді, бас бостандығынан айырмайтындай жаза қолдануды сұрады.

Осыдан кейін Құшақбаевтың өзі сөйледі. Ол өзінің "кінәсіз" екенін, "ешқандай зиян келтірмегенін" және ереуіл болған кезде өзінің шетелде жүргенін айтты. Ол Techno Trading компаниясында бірнеше ауысым барын айтып, компания өкілі өзінің іс-әрекетінен соның қайсысының жұмысшылары жұмысқа шықпай қалғанын нақтылауын сұрады. Ол өзінің бұрын сотталмағанын, жас баласы барын, қарауында егде ата-анасы барын айтып, жазасын жеңілдетуді сұрады.

Прокурор Гүлмира Рымханова Құшақбаевтың жазасы бұған дейін де жеңілдетілгенін айтып, бұдан ары жеңілдетуге қарсы шықты. Прокурор Құшақбаев соттың Techno Trading талап еткен 25 миллион 200 мың теңгеге жуық "материалдық шығынды" өндіріп беру туралы үкімін орындамағанын айтып, ол Астанада тұрақты тіркеуде жоқ болғандықтан "шығынды өтемей қашып кетуі мүмкін" деген уәж келтіріп, жазаны өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

OCC кәсіпорны жұмысшылары кәсіподағының еңбек инспекторы, 34 жастағы Нұрбек Құшақбаев қылмыстық кодекстің 402-бабы, 2-бөлігі ("заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату»") бойынша айыпты деп танылған. 2017 жылы 7 сәуірде Астана қаласының Алматы аудандық 2-соты оны екі жарым жылға соттаған.

ВИДЕО: Нұрбек Құшақбаевтың апелляциялық шағымын қарау соты (30.05.2017)

Құшақбаевтың адвокаттары оны сотқа шақыртуды сұрады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:50 0:00

XS
SM
MD
LG