Accessibility links

Германия Кабулдағы шабуылдан соң ауған босқындарын депортациялауды тоқтатты


Берлиндегі ауған босқындары (Көрнекі сурет).

Германия босқын мәртебесін беруден бас тартқан ауғандықтарды Ауғанстанға депортациялауды Кабулда 31 мамырда болған жойқын шабуылдан соң уақытша тоқтатты.

Германия канцлері Ангела Меркель 1 маусымда "депортациялау процесі сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы қазіргі жағдайды талдап, Кабулдағы герман елшілігі жұмысын қайта бастағанға дейін жанданбайтынын" мәлімдеді. Меркельдің сөзінше, аталған жұмыстар шілдеге дейін аяқталмақ емес.

Канцлердің мәлімдеуінше, мораторий күші қылмыс жасаған, билік Германияға қауіп төндіреді деп санайтын адамдарға жүрмейді.

Босқын мәртебесі берілмейтін ауғандықтарды отанына ерікті түрде қайтару бағдарламасын іске асыру жалғаса береді. Бұған дейін пана беруден бас тартылған ауғандықтардың көпшілігіне Ауғанстандағы жағдайдың тұрақсыздығына байланысты Германияда тұра беруіне рұқсат берілген еді. Бір жыл бұрын Берлин "Ауғанстанның кейбір аймақтары қауіпсіз және ол жақтарға босқындарды қайтаруға болады" деп ұйғарған.

31 мамырда Кабулдың орталығындағы дипломатиялық өкілдіктер орналасқан ауданда жүк көлігіне қойылған бомбаның жарылуынан 90-нан астам адам қаза тауып, 400-ден астам адам жараланған. Терактіден Германия елшілігі бүлінген. Шабуылдан соң Германия Кабулға депортацияланатын босқындарды жеткізетін ұшақ рейсін тоқтатқан.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG