Ақтөбеде бір күнде үш бала суға батып өлді деп хабарлады Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД).
ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, қайғылы оқиға 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні болған. Қаланың "Нұр ғасыр" ауданы аумағынан ағып өтетін Сазды өзеніне үш жасөспірім көпшіліктің көзінше батып кеткен. Балалардың суға қалай батып кеткені әзірге белгісіз.
Төтенше жағдайлар департаменті ақтөбелік ата-аналарды балаларын су арналарына жақын жерлерде қараусыз қалдырмауға шақырып, күннің күрт жылынуына қарамастан су шомылуға болатындай күйде жылымағанын, салқын суға түсудің салдарынан аяқ-қол тырысу мүмкін екенін ескертеді.
"Балалар үлкендердің бақылауымен ғана шомылуы тиіс. Ауа температурасы кем дегенде 25 градус, су температурасы 22 градус жылы болғанда ғана шомылу керек" делінген ресми ақпаратта.