Accessibility links

Комитет: 2016 жылы "терроризмді насихаттайтын" 4 мыңдай сайт бұғатталды


Интернетті блоктау. Карикатура авторы Ғалым Смағұлұлы (Көрнекі сурет).

Қазақстанда 2016 жылы тиісті уәкілетті органдардың нұсқауы бойынша "діни экстремизм мен терроризмді насихаттайды" деп танылған 4 мыңға жуық интернет ресурс бұғатталды деп мәлімдеді ақпарат және коммуникация министрлігінің БАҚ пен байланыс, ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Михаил Комиссаров. Бұл туралы ол бүгін Астанада Қазақстандағы интернет ресурстарды бұғаттаудың кері әсерін азайту жолдарын талқылаған жиында айтты.

Комиссаровтың сөзінше, 2016 бұғатталған барлығы 31 мың интернет ресурстың басым көпшілігі (26 мыңға жуығы) порнографиялық сайттар, 4 мыңдайы "терроризм мен діни экстремизмді насихаттайтын" сайттар. Қалғаны әртүрлі заң бұзушылықтарға қатысты бұғатталған.

Жиын арасында Азаттық тілшісі Комиссаровқа бірер жыл бұрын Азаттық сайтында белгілі бір мақалалардың бұғатталғанын, ресми орындардан бұғаттау себебіне қатысты жауап болмағанын айтып, "Заң бойынша, сайт бұғатталатыны туралы ескерту редакцияға бұғатталғанға дейін жасалу керек па, әлде бұғатталған соң беріле ма?" деп сұрады.

Комиссаров егер интернет ресурс ақпараттық сайт болса онда комитет жіберілген қателіктерді өз еркімен жою туралы алдын ала ескерту жасайтынын айтты.

- Азаттық редакциясына да уәкілетті органдар кейбір материалдар бойынша заң бұзушылық бар деп табуына байланысты бірнеше хат жолдадық, әлдебір материалдар жойылды. Азаттық сайтына 2014 жылы Сириядағы қазақстандық балалардың жиһадқа шақырғаны туралы ролик жарияланғаны есімде. Егер редакция ескертуге жауап бермесе онда уәкілетті органдардың нұсқауы бойынша ол материалдар бұғатталады, - деді Комиссаров.

2014 жылдың қарашасында интернетте "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы таратты" деп сипатталған, қазақша сөйлейтін кәмелетке толмаған жас балалар түскен видео тараған.

Бірер күннен соң Қазақстан бас прокуратурасы бұл роликтің мазмұны "терроризмді насихаттау және ақтау" деп танылғанын мәлімдеп, роликті және оның жекелеген эпизодтарын Қазақстан территориясында таратудан бас тартуды ұсынған. Сол күннен бастап елде бұл видео ғана емес, ол туралы жазылған интернет материалдары да бұғаттала бастаған. Комитет Азаттыққа ескертуді сайттағы материалдар бұғатталған соң жіберген.

Бұдан кейін де Азаттық сайтындағы "Қазақстаннан Сирияға кеткендер туралы" жазылған кейбір материалдар ашылмай қалған болатын.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG