Accessibility links

Жапония парламенті императордың тақтан бас тартуын мақұлдады


Жапония императоры Акихито.
Жапония императоры Акихито.

Жапония парламентінің төменгі палатасы 2 маусымда императордың тақтан бас тартуына мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады. Құжатты енді кеңесшілер палатасы жоспар бойынша 9 маусымда өтетін отырысында мақұлдауы тиіс.

Императордың өз еркімен тақтан кетуі бұрын-соңды Жапония тарихында болмаған және ол қолданыстағы ешқандай заңдық процедураға сыймайды.

Заң жобасы 83 жастағы император Акихито үшін арнайы дайындалған. Себебі үкімет император сарайы туралы заңға тұрақты өзгеріс енгізуді қаламаған.

Император Акихито 2018 жылы желтоқсанда 85-ке толғанда тақтан бас тарта алады. Сол кезде таққа оның үлкен ұлы, мұрагері Нарухито отырады.

Император Акихито 2016 жылы тамызда жасы келіп қалғанына және денсаулығына байланысты император міндетін атқаруы қиындап бара жатқанына алаңдап, видео үндеу жасаған. Үндеуінде император тақтан бас тартатыны туралы ашық айтпағанымен, мұрагерлік процесін қалай барынша жеңіл өткізу мәселесін талқылау қажетін мәлімдеген

Жапонияда қасиетті тұлға саналатын император ел конституциясында "халық бірлігінің" символы ретінде көрсетілген және оның ешқандай саяси билігі жоқ.

XS
SM
MD
LG