Accessibility links

БҰҰ өкілі: Қазақстанда миграцияны реттеуде бірнеше мәселе бар


Теміртауда жергілікті көші-қон полициясы ғимаратына кіріп бара жатқан әйел (Көрнекі сурет).
Теміртауда жергілікті көші-қон полициясы ғимаратына кіріп бара жатқан әйел (Көрнекі сурет).

Қазақстанда миграциялық дағдарыс жоқ, бірақ миграцияны реттеуде бірнеше мәселе бар деп мәлімдеді БҰҰ миграция жөніндегі агенттігінің Қазақстандағы өкілдігі. БҰҰ миграция жөніндегі агенттігінің Қазақстандағы миссиясының басшысы Деян Кесерович бұл туралы 2 маусымда Астанада Қазақстанның көші-қон мәселелері және адам саудасына қарсы шаралары туралы Екінші ұлттық диологта Азаттық тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Кесеровичтің сөзінше, Қазақстан үкіметі қазір алдағы бес жылға арналған миграциялық концепция жобасын дайындап жатыр.

- Миграцияны реттеуде нені, қалай жасау керек деген мәселеде бірнеше жайтты ескеру керек. Алдымен, ішкі миграцияны реттеу. Қазақстан кіруге талпынып отырған дамыған 30 елде ішкі миграция көлемі 20 пайызды құрайды, Қазақстанда бұл көрсеткіш 5 пайыз. Қазақстандағы ішкі миграция деңгейін арттыру - мемлекеттің дамуымен байланысты.

БҰҰ өкілі этникалық миграция, яғни сыртта жүрген отандастардың өз еліне оралуы және олардың қоныстануын реттеу мен қазақстандықтардың елден кетуінде басты мәселелер деп атады.

- Бұл өте маңызды нәрсе. Себебі миллионға жуық білікті Қазақстан азаматы қазір өз елінде тұрмайды. Мұны да зерттеу керек. Олар Қазақстаннан неге кетті? Қазақстанға келіп, елге үлес қосуы үшін біз не істей аламыз?".

Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда жылына алты жүз мың адам жұмыс іздеп тұрғылықты жерінен өзге өңірлерге көшеді. Дегенмен, негізгі жұмыс күші Астана, Алматы және оңтүстік өңірлерде шоғырланып отыр. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері атажұртына оралған миллионнан астам этникалық қазақтың алпыс пайызға жуығы Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарына қоныс тепкен.

Жиынға келген көші-қон комитеті өкілдерінің дерегінше, елдің солтүстік өңірлеріне жұмыс күшін тарту үшін былтыр "Халықты тиімді жұмыспен қамту" бағдарламасы қабылданған. Алайда, Деян Кесерович бұл бағыттағы жұмысты әлі де жетілдіру қажет дейді.

XS
SM
MD
LG