Accessibility links

МАГАТЭ: Иран ядролық энергетика саласындағы белсенділігін азайтты


Венадағы МАГАТЭ штаб-пәтері алдындағы Иран туы.
Венадағы МАГАТЭ штаб-пәтері алдындағы Иран туы.

Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) жаңа баяндамасында Иранның әлемдік державалармен 2015 жылы жасасқан келісім шарттарын орындап отырғаны айтылған. Ұйымның мәлімдеуінше, Иран ядролық салада зерттеу жұмыстарын айтарлықтай шектеп, байытылған уран қорын келісімде көрсетілген мөлшерден де азайтқан.

МАГАТЭ сарапшыларының тұжырымы бойынша, Иранның байытылған уран қоры ядролық қару жасауға мүмкіндік беретіндей деңгейге жетпеген және Тегеран жойқын қару жасауға пайдаланылатын плутоний шығаруға мүмкіндік беретін ядролық реактор құрылысын салу туралы әуелгі жоспарынан бас тартқан.

2015 жылы АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Германиямен жасасқан келісім бойынша Тегеран ядролық отын өндіру жөніндегі жұмысын шектеуге міндеттеме алған, оның қарымтасы ретінде Иранға салынған халықаралық экономикалық санкциялар жеңілдетілетін болған.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен келісімді «осыған дейін жасалған келісімдер ішіндегі ең нашары» деп атап, болашақта жаңа келісімге отыру туралы келіссөздер жүргізуге ниет білдірген. Тегеран 2015 жылғы келісім шарттарын қайта қарастырмайтыны туралы мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG