Accessibility links

"Реал" екінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасында жеңіске жетті


"Реал" ойыншысы Криштиану Роналдудың (7) гол салған сәті. Кардифф. 3 маусым 2017 жыл.

Испанияның "Реал" командасы футболдан Еуропа Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанды. Финалда "Реал" Италияның "Ювентус" клубынан басым түсті. Уэльстің Кардифф қаласында өткен шешуші матч 4:1 есебімен аяқталды.

Матчтың 20-минутында "Реал" құрамынан Криштиану Роналду есеп ашқан. 27 минутта "Ювентус" сапынан Марио Манджукич есепті теңестірді. Ал 61 минутта "Реал" сапынан Каземиро есепті еселесе, 64 минутта Роналду матчтағы екінші голын салды. Ойынның 90-минутында "Реал" ойыншысы Марко Асенсио есепті 4:1-ге жеткізді.

"Реал" Чемпиондар лигасында осымен 12-рет топ жарды және бұл турнирде екі жыл қатарынан жеңімпаз атанған алғашқы команда. Чемпиондар лигасының былтырғы финалында Мадридтің екі командасы "Реал" мен "Атлетико" кездескен. Матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталып, пенальтиден "Реал" жеңіске жеткен.

Чемпиондар лигасы - Еуропа футбол қауымдастығы (UEFA) ұйымдастыратын клубтар арасындағы турнир. Жарысқа UEFA құрамына кіретін елдердің чемпионаттарында үздік шыққан командалар қатысады. Қазақстан чемпионы "Астана" биылғы Чемпиондар лигасы іріктеу жарысының үшінші кезеңінде Шотландияның "Селтик" командасынан жеңіліп, негізгі кезеңге өте алмаған.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG