Accessibility links

Лондонда жүк көлігі адамдарды таптап өтті


Британ полициясы шабуыл жасалған жерде тұр. Лондон, 3 маусым 2017 жыл.
Британ полициясы шабуыл жасалған жерде тұр. Лондон, 3 маусым 2017 жыл.

Маусымның 4-іне қараған түні Лондонның орталығындағы көпір үстінде қатты жылдамдықпен келген жүк көлігі жаяу адамдарды таптап өткен. Бұдан соң, Боро базары маңында көліктен түскен белгісіз біреулер көшедегі жұртқа суық қарумен шабуылдаған деп хабарлайды ВВС.

Құрбан болғандар мен зардап шеккендер туралы әзірше ресми ақпарат жоқ. ВВС кемінде бір адамның мерт болғаны және бірнеше кісінің жараланғаны туралы бейресми дерек барын хабарлады.

Оқиға болған жерде ондаған полиция және жедел жәрдем көліктері тұр. Лондон метросының бірнеше станциясы мен төрт темір жол вокзалы жабылған. Полиция Лондон көпірі маңынан, сол тұста орналасқан кафе, мейрамханалардан адамдарды эвакуациялаған.

Оқиғаны теракт деп жариялаған полиция шабуылға күдікті үш адамды іздестіріп жатыр.

Бұған дейін наурыздың 22-і күні Лондонда осыған ұқсас шабуыл болған. Вестминстер көпірінде көлікпен адамдарды басып өткен соң полиция қызметкерін пышақтап, британ парламентіне кірмек болған терроршыны құқық өкілдері атып өлтірген. Мамырдың 22-і күні Манчестерде исламшыл жанкешті жасаған жарылыс салдарынан 22 адам қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG