Accessibility links

Ақтөбедегі шабуылдан соң сотталған майор бостандыққа шықты


Майор Қайнарбек Тастамбеков сотта отыр. Ақтөбе, 21 желтоқсан 2016 жыл.
Майор Қайнарбек Тастамбеков сотта отыр. Ақтөбе, 21 желтоқсан 2016 жыл.

Былтыр 5 маусым күні Ұлттық гвардияның Ақтөбедегі 6655 әскери бөліміне жасалған қарулы шабуылдан соң сотталған екі майордың бірі - Қайнарбек Тастамбеков бостандыққа шықты. Бұл туралы Азаттық тілшісіне рақымшылыққа іліккен Қайнарбек Тастамбековтің өзі айтты.

- Сот үкімі шыққаннан соң төрт ай тергеу изоляторында отырдым. 19 мамыр күні Ақтөбедегі №2 сот шешімімен рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шықтым. Жазамның қалған бөлігін бостандықта жүріп өтеймін. Яғни, менің бас бостандығым әлі де шектеулі, - дейді Қайнарбек Тастамбеков.

Әскери бөлімге қарулы шабуыл жасалған кезде "терроршылардан тығылды" деп айыпталған тағы бір майор Қайырғали Оразжановқа да рақымшылық жасалған. Тастамбековтің айтуынша, ол бостандыққа 15 маусым күні шығады.

Тергеу тобы жас шамасы 30-дағы екі майорды – Қайырғали Оразжанов пен Қайнарбек Тастамбековті қылмыстық кодекстің 447-бабының 4-бөлімі бойынша "әскери жарғы тәртібін бұзды" деп айыптаған болатын. Ақтөбе гарнизонының әскери соты Қайнарбек Тастамбековке – 4 жыл 6 ай, Қайырғали Оразжановқа 3 жыл 6 ай түрме жазасын кесті. Сотталушылардың екеуі де әскери шендерінен айырылды.

2016 жылы маусымның 5-інде Ақтөбеде қарулы топ адам екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан жеті адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. ҚҰрбандардың үшеуі - әскерилер Досбол Сапар, Даниель Майлыбаев, Берікжан Қалиев, төртеуі қала тұрғындары – Андрей Максименко, Николай Онищенко, Михаил Матросов және жедел күзет қызметінің өкілі Мейірхан Тәжібаев.

Бұл шабуылдан кейін алты күнге созылған арнайы операция кезінде "діни радикал", "қарулы шабуылға қатысқан" деп сипатталған 18 адамның көзі жойылып, 20 шақты адам ұсталған.

Ақтөбедегі атысқа байланысты 29 адам сотқа тартылған. Оның 9-ы – түрлі қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, оның ішінде "терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары үшін", 18-і – "дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарламағаны үшін", екеуі – "қылмысты жасырып қалғандары үшін" екі жылдан бастап өмір бойына дейінгі бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

ВИДЕО: Ақтөбедегі әскери бөлім майорларына шыққан сот үкімі (18.01.2017)

Ақтөбеде әскери бөлімнің екі майоры сотталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:02 0:00

XS
SM
MD
LG